Астанада «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері жөнінде заң жобасы» талқыланды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасын сынға алып, бизнес тексерісінде заманауи деңгейге шығу керектігін ескертті. Палата төрағасының орынбасары елімізде кәсіпті орынсыз бақылау дерегі 2013 жылы 180 мыңнан астам болса, 2017 жылы 81 мыңға дейін қысқарғандығын айтты. Дегенмен, Рустам Жүрсіновтың баяндамасында «қауіп-қатерлерді басқару жүйе аясында елімізде өткен жылы 15 мыңға жуық тексеріс жүргізгілді» дегенін Мәжіліс төрағасы қарапайым тілмен түсіндіріп беруді сұрады.
«Қауіп-қатерлерді басқару жүйесі бізге ең қажетті дүние. Қарапайым азамат шығаратын өнімдерінде стандарттардың талабы сақталып жатқанын жыл бойы бақылап отыруы қажет. Дәлірек айтсақ, егер кәсіпкер адам өміріне қауіпті, зиянды тауар шығарса, сатып алушының құқығы бұзылса, онда мемлекеттік органдар оған барып, тексеріс жүргізеді. Осыны қауіп-қатерлерді басқару жүйесі дейді», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам ЖҮРСІНОВ.
«Экономикасы дамыған мемлекеттердің қандай жұмыстарды атқарып жатқанын қараңыздар. Шынында да, ол жақта тексеріс жоқ. Заң жүзінде бизнесменге сапасыз тауар өндіру тиімсіз болатындай жұмыс жүргізген абзал. Егер кәсіпкер бір рет осындай жағдаймен ұсталса, ол тақырға отырады. «Атамекен» қашан осындай ұсыныстарды енгізеді?», - деді ҚР Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.