Алматыда жыл сайын 15-16 зейнеткер пәтерін мемлекетке өткізіп, өзі әлеуметтік тұрғын үйге барып тұрады. Қараусыз қалған қарияларға арналған үйде барлық жағдай жасалған. Оларды жуындыратын, киімдерін үтіктеп, тіпті, пәтерінде кеткен ақауларды жөндеп беретін де қызметкер бар.
73 жастағы Фәтима Оқсубайқызы бұл жерге жарты жыл бұрын келген. Өмір бойы инженер-байланысшы болып жұмыс істеген. Жақсы қызметтерде жүріп, талай жерді аралапты. Жалғызбасты зейнеткер қартайғанда әлеуметтік тұрғын үйге келуді жөн көреді. Аты ғана болмаса бұл үйдің қаладағы пәтерлерден еш кемшілігі жоқ, дейді. Қонақ бөлмесі, ас бөлмесі, қысқасы, керектінің бәрі бар. Қайта, қартайғанда осында тұрғаным тиімді әрі қауіпсіз дейді, қария.
«Мемлекетке өте ризамыз. Өте жақсы ұйымдастырған. Ешкімнен кем болмаймыз. Мен бір бөлмелі үйді өткіздім, маған бір бөлмелі берді. Бізде мұнда медпункт бар. Өте жақсы қыздар жұмыс істейді», - деді Фәтима ОҚСУБАЙҚЫЗЫ.
Зейнеткер бос уақытында әлеуметтік тұрғын үйдің кітапханасынан қызықты кітаптар алып оқығанды жақсы көреді. Шаштараздың қызметі, массаж бөлмесі, кір жуатын жердің бәрінде қызмет тегін. Айтпақшы, әлеуметтік тұрғын үйде тұратындарға күніне бір рет ыстық тамақ беріледі. Тіпті, зейнетақыларына дейін қолдарына әкеп береді. Бұл әлеуметтік тұрғын үй 2002 жылы ашылған. Мұнда тұру үшін медициналық тексерістен өту және өзінің үйін мемлекетке баланс ретінде беру - міндетті. Есесіне, олар әлеуметтік тұрғын үйден дәл сондай пәтерді және түрлі қызмет түрлерін тегін алады. Ал зейнеткерлерден алынған пәтерлер кезекте тұрған көпбалалы ана, аз қамтылған отбасылар мен жетімдерге беріледі.
«Бұл жерде әр түрлі адамдар бар. Балам бар, бірақ алыста тұрады дейтіндер, бала тумағандар, қара риелтордан қорқатындар да бар. Қатаң режим жоқ мұнда. Тек бір жаққа кететін болса ескертіп отырады», - деді Алматы қалалық әлеуметтік тұрғын үй директоры Анаргүл ОСПАНОВА.
Әлеуметтік үйде қазір 50 адам тұрады. Олар үшін шаштараз бен кір жуатын орын тегін жұмыс істейді. Тұрғындардың көбі-әйелдер. Бір қызығы, осында келіп екі жарты бір бүтін болған қарттар да бар.
Кітапxана, тәулік бойы көрсетілетін медициналық көмек, коммуналдық қызметтердің төлемі, жол ақысы, күнделікті түскі ас қарттар үшін су тегін. Мемлекетке бұл қызметтер жылына 65 млн теңгеге айналады екен. Зейнеткерлерге қолайлы жағдай мен күтім жасау үшін барлығы 30 адам жұмыс істейді.
Тоғжан Аман, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы