Мақсат Қиқымов «Халық Барысы» турнирінің жеңімпазы атанды

Мақсат Қиқымов «Халық Барысы» турнирінің жеңімпазы атанды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда белдесу күресінен «Халық барысы» турнирі өтті. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған дүбірлі додаға Қазақстанның әр өңірінен жүзден аса палуан қатысты. Бас жүлде алған спортшыға 10 миллион теңге табысталды. Сонымен қомақты қаржы кімге бұйырды?

Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарыстың ашылуы эстрада жұлдыздарының ән шашуымен басталды. Дүбірлі додада алғы сөз айтқан қала басшысы Бауыржан Байбек бұл спорт түрінің елімізде тез дамитынын айтып, палуандарға сәттілік тіледі.

«Тәуелсіздік алған күннен бастап елдің рухын асқақтатуға, ана тіліміз бен ділімізді нығайтуға, елдік сананы шыңдауға бағытталған істерге аса үлкен мән берген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаз саясаты бүгінде ұлт санасын жаңғыртуды діттеген «Рухани Жаңғыруға» ұласты. Қазақстан қазір өз тілі, бірегей мәдениеті бар, ұлттық санасы мығым ел. Әлем мойындаған спорттық орталық,   небір аламан-дода өткізу дәстүріне ие мемлекет, әйгілі саңлақтардың отаны», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Дүбірлі додада 18 бен 50 жас аралығындағы 128 спортшы бақтарын сынады. Халық барысының ережесі басқа, талабы қатаң. Палуандар үйреншікті боз кілемде емес, көк шөптің үстінде белдеседі. Кеуделерінде киім болмайды. Тек шалбар киіп, белбеу ғана байлауы тиіс. Ал қатысушының шынтағы, тізесі мен қолы жерге тисе жеңіледі. Бір қызығы аяқтан ұстап әдіс жасауға тыйым салынған. Алайда, дүбірлі додаға қазақ күресі, еркін, грек-рим, джиу-джитсу, самбо, дзюдо сынды күрес түрлерінің спорт шеберлері қатысты.

«Мына жерде өте қызықтығы сол - белдік бар белде. Мысалы, қазақ күресі балуандарына сол белдік көмектеседі. Грек-рим, еркін күрес балуандарына оларға мына жалаңаш дене көмектесуі мүмкін. Олардың күнделікті жаттығу істеп, айла әдістеріне келеді», - деді деді  бас төреші  Шалқар ЖОЛАМАНОВ.

Көк майсаның үстінде бір уақытта 8 жұп белдесті. Палуандар айқасы алты сағатқа созылғанымен, дода тартысты болды. Алматылық Әділет Дауланбаев төрешілердің шешімімен келіспей, бейне қайталау жасатып, қарсыласымен екінші рет белдесіп, жеңіске жетті.

Төрешілердің қателігінен жеңілгенін дәлелдеген Әділет ширек финалда қостанайлық палуанға есе жіберіп алды. Сөйтіп, финалға Мақсат Қиқымов пен Талғат Жиентаев шықты. Біріншісі қазақ күресінен, екіншісі грек-рим күресінен спорт шебері. Шамамен 7 минутқа созылған белдесуде алматылық спортшы жеңді.

«Күрес өте қиын болды. Неге? Қазақ күресінен спорт шеберлері қатысты. Грек-рим күресінен мықты палуандар қатысты. Енді Алланың қалауымен жеңіске жеттім. Елбасымызға алғысымыз шексіз.  Осындай «Халық барысы» деген спортты қолдап, әрқашан көмектесіп, дамуына үлес қосып жүргеніне үлкен рахмет айтқым келеді», - деді «Халық барысы» ашық турнирінің жеңімпазы Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Биылғы «Халық барысының» жүлде қоры 20 миллион теңге. Дүбірлі доданың чемпионы атанған палуанға 10 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді. Күміс жүлдегерге 5, қола 3 және 4-ші орын иеленген спортшыға 2 миллион теңге берілді. Ұйымдастырушылар «Халық барысын» дәстүрлі шараға айналдырмақ.

«Биыл енді азырақ шығар көрермендер де, палуандарымыз да. Бірақ, мен ойлаймын, тек қана басы болған соң. Ал келесі жылы, арғы жылы ең керемет деген додалардың біріне айналады деп ойлаймын», - деді «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман ШОРАЕВ.

«Белдесу» әлем бойынша Олимпиада ойындарына кірмейтін спорт түрлері қатарына ресми түрде еніп, ЮНЕСКО-ның қолдауына алынған. Алғашқы республикалық «Халық барысы» ашық турнирі Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.


Өмір Әнуарбек, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров