Алматыда алып бала дүниеге келді

Алматыда алып бала дүниеге келді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда салмағы 6 келіден асатын алып сәби туды. Ол кәдімгі шақалақтан екі есеге үлкен. Батыр баланы 35 жастағы келіншек өмірге әкелген. Бөбек анасының тұла бойы тұңғышы екен. Дәрігерлер мұндай жағдайдың ерекше екенін алға тартып отыр. Өйткені, осындай ауыр салмақтағы ұл бала елімізде соңғы рет 5 жыл бұрын Астанада дүние есігін ашқан.

Тіл-көзден қорыққан жас келіншек қуанышты хабарымен сүйіншілеп бөліскенмен, бірден бет-жүзін жария етпеуді сұрады. Өйткені, 35 жасында өмірге батыр бала әкелем деген ой Жанардың үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Жүкті келіншек Алматыдағы перинатология ғылыми орталығына Шымкенттік дәрігерлердің жолдауымен ай басында келіпті. Ал, өткен аптада тұла бойы тұңғышын жарық дүниеге әкелді. Сәбидің салмағы туылғанда 6 келіден асатынын Жанар тұрмақ, дәрігерлердің өздері де күтпеген.

«Бұл үлкен плод деп айтқан УЗИ-ға барғанда. Енді бірінші бала болғаннан кейін мен үлкен плодтың қаншалықты болатынын білген жоқпын. Ары кетсе 4 кг деп ойладым. Өйткені, УЗИ-да солай көрсетіп тұрған. Кейіннен ол жақта өздігіңнен босана алмайсың деп осы Институтқа жіберді. Ол кезде келіп УЗИ-ға түскенде 5 кг, 100 грамм туасыз деп айтқан. Босанған кезде 6 кг 60 грамм болып шықты»,-деді анасы, Жанар.

Нардай азамат болсын деп, алып баланың атын туыстары Ернар қойыпты. Кәдімгі шақалақтан екі есеге үлкен бөбектің бойы 59 сантиметр. Мұндай жаңалықты естіген Жанардың жолдасының да қуанышы қойнына сыймай жүр екен. Бірақ, Шымкентте болғандықтан әкесі батыр ұлын әлі көрмепті.

Қазір батыр бала да, оның анасы да өздерін жақсы сезінуде. Дәрігерлер оларды келер аптада өз үйлеріне жібермек. Тек алып салмақпен туылған сәбиге ерекше күтім жасап, алдағы уақытта оның салмағын қадағалау қажет дейді мұндағы мамандар.

Қуанышқа кенелген ана, алып сәби босануын тұқым қуалаушылықпен байланыстырды. Айтуынша, өз анасы да 5 келі ұлды өмірге әкелген екен.

«Бала алып болғандықтан, анасының денсаулығына қауіп келтірмеу үшін кесір тілігін жасадық. Ота өте күрделі болды. Әйелге көп қан жоғалту қаупі туындады. Абырой болғанда қиындықты еңсеріп, сәби дүниеге аман-есен келді. Екеуінің де денсаулықтары жақсы. Болашақта Жанар тағы да ана болса, сәбилерінің салмағы 6 келі төңірегінде немесе одан да көп болуы мүмкін»,-деді Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы «ана мен бала» бөлімінің меңгерушісі, Камиль САМИТОВ.

Дәрігерлер мұндай жағдайдың ерекше екенін алға тартады. Өйткені, осындай ауыр салмақтағы ұл бала елімізде соңғы рет 5 жыл бұрын Астанада дүниеге келген. Айта кетейік, былтыр Перинатология ғылыми орталығында салмағы 4 келіден асатын 286 шақалақ туылса, оның жетеуі 4,5 келіден асқан.

Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров