Астана полицейлері пәтерлерді жаппай тексеруге кірісті

Астана полицейлері пәтерлерді жаппай тексеруге кірісті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада соңғы бес күнде көші-қон заңын бұзған 12 шетелдік қолға түсті. Әр ауданға жауапты полиция инспекторлары заң бұзған өзге ел азаматтарын «Учаске» жедел алдын-алу шарасында анықтаған. Қаланың барлық ауданы бойынша пәтерлерді түгел тексеріп шығатын профилактикалық жұмыс  қыркүйектен желтоқсанға дейін жалғаспақ.  

Учаскелік инспекторлардың жұмысы – таңның атуынан күннің батуына дейін қоғамдық тәрптіпті қадағалап, қаланың тыныштығын көздің қарашығындай қорғау. Қыркүйектің басында басталған «Учаске» алдын-алу іс-шарасында 10 мыңнан астам пәтер мен 1 500 жеке үй тексерілген. Криминалдық ахуалды байқауға арналған профилактиканың көздегені – тұрғындардың өз учаскелік полицей инспекторымен жеке таныс болуы.

«Бірінші мақсат – тұрғындармен тығыз байланыста болу керек. Өйткені, түрлі жағдай болып қалуы мүмкін. Отбасылық немесе көршілерге қатысты басқа да қиын жайттар орын ала қалса, адам алдымен полицейге жүгінеді. Ал тұрғындар өзінің учаскесінде кім қызмет ететінін, қандай инспектор екенінен хабардар болып,  оны тануы, білуі керек», – деді Астана қаласы Есіл ауданының Ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметінің полиция майоры, учаскелік полиция инспекторы Бақдаулет ПЕРНЕШЕВ.

Тәртіп сақшылары қару ұстауға рұқсаты бар 800-ден астам азаматты тексеріп, бәрінің тәртіпке сай екенін анықтаған. Сұрақ туғызатындар – қалалық тіркеуі жоқтар мен баспанасын жалға беріп, мемлекетке салық салмайтындар. Шара аясында мемлекет алдындағы берешегін бермеген 120 азамат анықталды.  

«Астанаға көшіп келгеніме 7 жыл болды. Осы уақытта небір жағдайды бастан кешірдік. Ұрыс, төбелес шығаратындар, ішімдік ішіп алып, подъезде ұйықтайтындар бар. Бұрын сондай келеңсіз жағдайларды шешу қиындау болатын. Қазір учаске полицейлері өздері келіп, шешілмеген мәселелердің бар-жоғын біліп кетеді. Бұл өте ыңғайлы әдіс», – дейді астаналық тұрғын Сәбира ЖҰМАҒҰЛОВА.

Жыл соңына дейін жалғасатын рейдтің алғашқы аптасында 1600-ден астам тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 200-і ұсақ бұзақылық жасаса, 400-ге жуығы тіркеусіз немесе төлқұжатсыз жүрген.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров