Медеуде қыздар арасында конькимен жүгіруден сайыс аяқталды

Медеуде қыздар арасында конькимен жүгіруден сайыс аяқталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Медеуде қыздар арасында 5 мың метрге конькимен жүгіруден сайыс аяқталды. Қазақстан атынан өнер көрсеткен Татьяна Климчук тартысты жарыста 9-шы орынды иеленді. Ол 5 шақырым жолды 8 минут, 1 секундта еңсерген. Ал, алтын Беларусь елінің аруына бұйырды. Айдындағы тайталасты Дастан Сейілханұлы тамашалап келді.                      

Айдындағы тайталас жарыс жолынан емес, тап осы орыннан басталады. Спортшылар арнайы формаларын киіп, аяқтарына конькилерін байлайды. Мәнерлеп сырғанаудың жөні бөлек, ал конькимен жүгірудің мәні басқада. Ерекшелігін бізге Татьяна түсіндіріп берсін. 

«Бұрынғы конькилердің өкшесі ажырамайтын. Тұтас еді. Ал, қазір өздеріңіз көріп тұрғандай алынбалы-салынбалыға түрленген. Ол жылдамдықты арттыруға көмектеседі»,-деді Қыздар арасында конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасының мүшесі, Татьяна КЛИМЧУК.

Біле жүріңіздер, бапкерлер құрамы конькилерді сайыстан бір күн бұрын қайрап қояды. Олар пышақтың жүзіндей өткір болуы тиіс. 

¤Енді, ойынға ойыссақ. Медеудегі мұзда бүгін 15 бұрымды сап түзеді. Олар 5 мың метр қашықтыққа жүгіріп, кім мықтыны анықтауға тырысады. Қазақстан атынан әуелде біз сөзге тартқан Татьяна Климчук өнер көрсетпек. Аруымыз бабында. Бағы жанса, бәйгені алуға дайын тұр. Одан өзге, ерлеріміз де ерлеуі тиіс. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, топ жаруға даяр олар.         

«Мұздың жақсы болуы - күн райына байланысты. Қазір себелеп жаңбыр жауып тұр. Бұл спортшыларға әрине қолайсыз. Бірақ, намысқа тырысып бағамыз. Өз жерімізде өнер көрсеткендіктен, жанкүйерлердің сенімін ақтау керек»,- деді Ерлер арасында конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасының мүшесі, Фёдор МЕЗЕНЦЕВ. 

«Сөреде қарсыластан сытылып кеткем. Менің басты қателігім де сол болды. Жарысты шапшаң бастағандықтан, бел ортасында шалдығып қалдым. Осыны пайдаланған қарсыласым, менен озып кетті. Бәлкім, қатты қобалжығандықтан жеңіліп қалған болармын»,- деді Қыздар арасында конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасының мүшесі, Татьяна КЛИМЧУК. 

Әйелдер арасындағы жарыс осымен тәмам. Мәре сызығын Беларусь елінің спортшысы бірінші болып кесті. Ол осы Медеу мұз айдынында 5 мың метрге жүгіруден рекорд орнатты. Күміс медальды жапондық қыз қанжығасына байлады. Ал, қола - корейлік конькишінің еншісінде. Жерлесіміз Татьяна Климчук болса, 5 шақырым жолды 8 минут 1 секундта жүріп өтіп, 9-шы орынға тұрақтады. Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Ал, жанкүйерлерге үкілеген спортшыларымызды жаппай қолдауға шақырамыз!

 Дастан Сейілханұлы, Ялкунжан Әшімжанов, "Алматы" телеарнасы        

 


Новости партнеров