Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы облыстан келетін науқастарды қабылдай алатындарын мәлімдеді. Біз науқастардан қашанда бас тартпаймыз, - деді Серікбол Мусинов. Сондай-ақ басқарма жетекшісі менингиттің алдын-алу үшін нендей препараттарды қабылдау керектігін айтты.
«Сол адам, сол мекемеде жұмыс істесе, онда жаңағы профилактика ретінде антибиотиктерді қабылдау керек.
- Қандай?
- Ципрофлоксацин - деген дәрі 500 мг. Бір рет қабылдайды.
- Ал балаларға?
- Балаларға эритромицин - деген дәрі. Оның өзінің схемалары бар»,-деді Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Серікбол Мусиновтың мәліметінше, қазір қаланың емдеу орталықтарында науқастарға орын жетеді. Балаларға арналған жұқпалы аурулар аурханасында 360 орын болса, ересектерді емдеу бөлімдерінде 180 төсек қарастырылған. Дегенмен соңғы күндері жедел жәрдем шақырту күрт көбейген. Әдетте, жедел жәрдем қауырт желісіне тәулігіне екі мың екі жүздей шақырту түссе, менингокок инфекциясы өршігелі медициналық бригаданы шақырту саны үш мыңға дейін артқан. Аурудың осы түрінен күдіктенген немесе кеңес алғысы келген тұрғындар 8 (717) 2-55-49-00 желісіне хабарласа алады.