Корей Халық Демократиялық Республикасы Пукгунсон-2 жаңа балистикалық зымыран сынағын сәтті өткізгені жайлы хабар таратты. Республикамыздың сыртқы істер министірлігі бұл істі қатаң айыптайтынын мәлімдеді. Солтүстік Кореяның сынағын ресми Сеул мен Токио да айыптауда. Алдағы материалда толығырақ.
Корей түбегінің батыс жағалауында жексенбі күні Пукгунсон-2 балистикалық зымыранының сынағы өтті. Солтүстік кореядан ұшырылған зымыран орта және алыс қашықтыққа арналған. Аталмыш әрекетті еліміздің Сыртқы Істер Министрлігі Пхенянның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын өрескел бұзғаны үшін, қатаң айыптайтынын мәлімдеді. Көршілес жатқан Оңтүстік Кореяның билігі де өз наразылықтарын білдірді.
«Біздің билік бұл сынақты үзілді-кесілді айыптайды. Себебі, Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарын ашық түрде бұзумен қатар, әлем мен Корей түбіндегі қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіріп отыр»,- Оңтүстік Корея сыртқы істер министірлігінің баспасөз хатшысы, Чо Джуне ХЁК.
Зымыран 550 километр биіктікке көтеріліп, 500 шақырым жерге барып, Жапон теңізіне құлаған. Жапон билігінің мәліметінше, ракета ел территориясына тиесілі айырықша экономикалық аймаққа жетпеген. Токио тарапы да, Пхеньян әрекетін өрескел қателік деп есептейді.
«Баллистикалық ракетаның ұшырылуы еліміздің әуекомпаниялары мен кемелерінің қауіпсіздігіне кедергі келтіретін әрекет. Оны қойып, қауіпсіздік кеңесінің қарары бұзылып жатқанын да айтуымыз бекер емес. Біз Солтүстік Корея тарапынан жүріп жатқан арандатушылыққа толығымен наразы екенімізді жеткіземіз»,- деді Министрлер кабинетінің баспасөз хатшысы, Ёсихидэ СУГА.
Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпараттық агенттігі зымыран ұшыру кезінде Ким Чен Ын өзі төрағалық еткен. Оған қоса, ядролық оқтықты тасымалдауы да тексерілген. Айта кетейік, Жапония премьер-министрінің АҚШ-қа ресми сапары осы сынақпен сайма-сай келген. Ел басшылары бұл әрекетті айыптайтындарын жеткізді. Былтыр Солтүстік Корея баллистикалық ракеталарды жиі ұшырып отырды. Тіпті, 2016 жылдың басында жерасты ядролық сынағын жүргізген еді.
Әнуарбек Жәлел, Әсет Құндақпаев, «Алматы» телеарнасы