Қуандық Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Астанада қыруар қаржыны жымқырды, жемқорлыққа барды деп айыпталған бұрынғы экономика министрі мен тағы 22 фигуранттарға қатысты сот үкімі шықты. Ең ауыр әрі ең ұзақ мерзімге экономикалық қылмыстың басында болған басты фигурант Бишімбаев тартылса, қалғандары 1-ден 7 жылға дейін және мемлекет қазынасына миллиондаған айыппұл төлеуге міндеттелді.
Астана қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін ине шаншар орын болмады. Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен өзге 22 адамның үкіміне журналистерден бөлек, туыстары келіп, сырттай болса да шешуші сәтте қолдау көрсетті. Қазақстандықтар 4,5 айдан артық бақылаған сот процесіне судья Әділхан Шайхисламов нүкте қойды. Істегі басты фигурант экс-министр Бишімбаев енді 10 жыл өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. Және қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленеді.
«Қуандық Бишімбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 4-тармағы, 28-баптың 3-тармағы, 189-баптың 4-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесіндегі тәртібі қатал мекемеде өтесін. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте және жарнасы 50%-дан аспайтын мемлекеттік ұйымдарда басшылық ету құқығынан өмір бойына айырылсын», - деді судья Әділхан ШАЙХИСЛАМОВ.
Қуандық Бишімбаевтың жұбайы Назым Бишімбаева сот шешімімен келіспей, оны «адам шошытарлық» деді. Ол айып қолға тигенннен кейін, аппеляция беретіндігін де қоса кетті. Тіпті, күйеуін қорғап қалуы үшін халықаралық адам құқығын қорғайтын ұйымдар мен соттарға жүгінетіндігін жасырмады.
«Мен шошып кеттім. Біз үкіммен келіспейміз. Мен және менің күйеуім сот барлық жағдайға үңілген жоқ деп есептейміз. Шешімді қайта қарауын сұрайтын боламыз. Ол осынша мерзімге айыпталатындай ештеңе жасаған жоқ, Нұрлыбек те. Бұл қорқынышты. Жасамаған қылмысы үшін сотталу деген», - деді Қ. Бишімбаевтың әйелі Назым БИШІМБАЕВА.
«Біз болған жағдайды егжей-тегжейлі зерттедік. Соған қарамастан сот өз шешімін шығарды. Біз соттың үкімі негізсіз деген пікірдеміз. Заңмен белгіленген сот үкімінің үстінен қайта шағым түсіруге болатын тәртіп бар. Соттың үкімін қолымызға алған соң, аппеляциялық шағым түсіру мәселесін қарастырамыз», - деді Қ. Бишімбаевтың қорғаушысы Сейіт РАХМАНОВ.
Бұдан басқа судья экс шенеунік Бишімбаевтың інісі Сұлтан Нұрлыбекті жемқорлық жасауға қолғабыс еткені үшін 7 жылға, «Байтерек Development» компаниясының бұрынғы төрағасы Бақыт Жақсыбаев пен оның орынбасары Аслан Жақыпов екеуін 2 жарым жылға бас бостандығынан айырды. Қос сотталушы да бұдан былай мемлекеттік қызметтің маңынан жолай алмайды. Қалған фигуранттар жасаған қылмысының деңгейіне қарай, 2-ден 4 жылға дейін жазаларын темір торда өтемек. Сонымен қатар, осы іске қатысы бар кәсіпкерлердің жазалары айыппұлмен ауыстырылды. Олардың мемлекетке берер қаржысы 672 миллионнан басталса, ең аз сома - 85 миллион теңгені құрайды.