Алматыда 6 мыңнан астам полиция қаланың қауіпсіздігін күзетіп келеді. Тәулік бойы қоғамдық тәртіптің тыныш өтуіне жауапты сақшылар демалыс күндері мемлекеттік қызметшілермен бірігіп, кең көлемде мерекелерін тойлады. Астана алаңында өткен ауқымды жиынға қатысқан қала әкімінің айтуынша, полицейлердің техникалық базасы жыл сайын жақсарып келеді.
Заманның дамуы сәт сайын өзгергені секілді, қулығына құрық бойламайтын қылмыскерлердің де айласы азамай келеді. Түбі терең тұңғыйық, жасырын қылмыстарды ашу мен алдын алу полицейлердің басты міндеті. Сондықтан да мемлекеттің ішкі тәртібін тәулік бойы күзететін сақшылардың материалдық-техникалық мүмкіндігін жаңалау үздіксіз жүргізілуде. Тек соңғы екі жылда қалалық полицейлердің құрал жабдығы 23% артып, 87 % жетіпті.
«Мемлекетіміздің өркендеуі, ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Парасат пайымы терең, мақсаты айқын, азаматтың ұстамына берік, жаңа тұрпаттағы мемлекеттік қызметші ғана мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілік жүгін толықтай сезіне алады. Елбасы 100 нақты қадам ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік ақпарат қалыптастыру мәселесіне айрықша басымдық беріп, мемлекетке қызмет ету біздің қоғамымыздың бірлігін нығайту үшін негіз болуы тиіс деп атап өткен болатын. Мемлекеттік қызметтегі әр бір тұлға бүкіл тағдырын осы қағидатпен ұштастыруы тиіс. Бұл қоғамдық тұрақтылық пен азаматтар қауіпсіздігінің құзіретінде түрған ұлттық полициялар қызметкерлері үшін де ең басты қағида екендігі сөзсіз»,-деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Сандық технологиямен сақшыларды қамтамасыз ету мәселесі де қалыс қалған емес. Наурызбай ауданында жаңа ішкі істер бөлімі ашылып, полицейлердің автопаркі тұтастай жаңарды. Мемлекеттік қызметшілер күнімен бірге төл мерекелерін тойлаған полицейлер жұртқа өз мүмкіндіктерін көрсетті. Антына айнымай, адамдық жолмен жетістікке жеткен, күтпеген қауіпті сәтте адамдарға араша түскен қызметшілер де осы күні марапатталды.
«Ата жолымды қуып, сол кішкентай кезімнен полиция болуды армандадым. Біріншіден өз еліме қызмет ету, екіншіден менің туған-туысқандарым менімен мақтан ететіндей бір жақсы елімізге қызмет ететін қызметкер боламын деп ойлаймын»,-деді полиция капитаны Сәния ЕСІМОВА.
Қауіпті қызмет саналатын полиция сапында жұмыс жасау жеңіл емес. Тек тәуелсіздік жылынан бері бір Алматының өзінде қызметтік жолда 68 полиция қаскөйлердің қолынан қаза тапқан екен. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін саланың сақшылары салтанатты жиында өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, рух беретін әндер орындады .
«Көптеген жаңағы техникалық құралдармен жабдықталған. Мен ойлаймын қазіргі енді біздің полицияның күші өте көп. Мына Алматы қаласының қазір тұрғындары мен қонақтарына мынау, «осындай полицияның күші бар»- деп ауыз толтырып айта аламыз ештеңеден қорықпай»,-деді Алматы қаласы бостандық аудандық ІІБ басшысы Дәурен ӨТЕБАЕВ .
Жоғарғы кеңестің шешімімен тәуелсіз қазақ елінде алғаш рет 1992 жылы ішкі істер органдары туралы заң қабылданса, 2007 жылдан бері полицейлер күні тұрақты тойланып келеді. Ал ел көлемінде қазіргі таңда 100 мыңнан астам адам осы салада еңбек етеді.
Әмірболат Құсайынұлы, Рашид Шүкірәлиев, Мұрат Тайжанов, Алматы телеарнасы.