Алматыда ұзындығы 18 метрді құрайтын жаңа автобустар жолға шықты

Алматыда ұзындығы 18 метрді құрайтын жаңа автобустар жолға шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы қоғамдық көлік тағы 20 автобуспен толықты. Ұзындығы 18 метрді құрайтын жаңа автобустар күніне 25 мыңдай жолаушы тасымалдайды. Қоғамдық көлік ішіне 7 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ, болашақта ұзын автобустарға жаңа қондырғылар қойылуы мүмкін. Оның ерекшелігі - қоғамдық көлік жолағында тәртіп бұзған жүргізушілерді дереу анықтап, деректерін бірден бақылау орталығына жөнелтеді. Жаңа автобустардың сапасын қала әкімі Бауыржан Байбек тексеріп шықты.

Халық арасында «Гармошка» деп аталып кеткен бұл ұзын автобустың жиырмасы жолға шықты. Жаңа автобустар үшін бұрын-соңды болмаған 201-ші бағыт ашылды. Енді бұл қоғамдық көліктер жолаушы ағыны көп Төле би көшесімен қатынайды. Таңнан қара кешке дейін тас жолда жүретін 18 метрлі автобус, күніне 25 мың жолаушы тасымалдайды деп күтілуде. Қоғамдық көліктің мұндай түрі тұрғындар үшін ыңғайлы болмақ. Ал, 2021 жылы дәл осы бағыт арқылы жеңіл рельсті көліктер жүрмек.

«Жалпы,  шетелдік сарапшылар осы көше ЛРТ-ға ыңғайлы деп айтты ғой. Кейбір көшелермен көбінесе жеке машиналар жүреді. Кейбір көшелермен қоғамдық транспорт жүреді. Төле би сондай біздің транспорт жүйесінің тамыры деп айтуға болады. Сондықтан, біз жаңа 19 автобус қойсақ, онда әлдеқайда өседі»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Шаһар басшысы Бауыржан Байбек өз кезегінде қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту әрі газға көшіру жұмыстары жалғасын табатынын жеткізді. Айта кетсек, бір автобустың құны - 55 млн теңге. Мұны «Алматы электротранс» мекемесі өз қаржысына алған. Сыйымды автобустар халықты жеңіл рельсті көліктерді пайдалануға бейімдейді дейді - жолаушылар көлігі басқармасының басшысы.

«2021 жылы Алматы қаласында ЛРТ саламыз деген жобамыз бар. Сол ЛРТ-ні салғанға дейінгі ЛРТ-нің маршрутын 85 пайызға орнын басатын жаңадан 201 деген маршрут ойластырдық. ЛРТ-ға дейін ЛРТ-ның маршрутымен жүріп адамдарды үйрету мақсатында»,-деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Мақсұт ИСАХОВ.

Жолға шыққан бұл 18 метрлік автобус жолаушылар үшін барынша ыңғайлы. Қоғамдық көліктің ішіне бір мезетте 190 адамға дейін сияды. Ерекшелігі - автобустың ішіне 7 бірдей бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ, «Оңай» құрылғыларымен жабдықталған.

Жаңа автобустардан бөлек қала әкіміне «Жолақ» атты тың жоба таныстырылды. Идея авторлары болашақта Алматының қоғамдық көліктеріне тың қондырғылар орнатып, соның арқасында автобус жолағында тәртіп бұзған жүргізушілерді анықтамақ. Камераға түскен "шабандоз" туралы мәлімет бірден полицияға жолданады.

«Қоғамдық көліктің алды мен артынан арнайы видеокамера орнатылады. Ол арнайы жолаққа шығып кеткен көлікті бірден анықтайды. Ереже бұзған көліктің нөмірі автоматты түрде белгілі болады және 100% дәлелдері бар базалық ақпарат полициға жіберіледі. Әрмен қарай тәртіп сақшылары шешім қабылдайды»,-деді Жүйені жасаушы компания өкілі, Александр САТИН.

Жоба авторлары қондырғыны қоғамдық көлікте тестілік режимде іске қосып үлгеріпті. 3 күн ішінде бір троллейбустың 104 рет тәртіп бұзғанын көрсетіпті. Айыппұлмен айтсақ, бұл 1 млн. астам теңгеге тең екен. Жаңа жүйе қоғамдық көлік қана емес, жеке жүргізушілерді де тәртіпке шақырады. Қала әкімі аталмыш жүйені жан-жақты талқылауды тапсырды. Сәтін салса, болашақта Алматының барша қоғамдық көліктеріне тың қондырғылар орнатылмақ.

Жалпы, биыл Алматы қаласының қоғамдық көліктері 30 пайызға жаңарды. Осы жылы жеке тасымалдаушылар жаңа 92 автобус сатып алса, қала қазынасының есебінен 255 көлік алынды. Жыл аяғына дейін тағы 155 автобус келеді деп күтілуде. Бұл қарқын келер жылы да жалғасын тауып, тасымалдаушылар қаражатына 254 автобус алынбақ.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров