Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Израиль мемлекетінің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды қабылдады. Шағын құрамда өткен кездесу барысында Қазақстан мен Израиль серіктестігінің басты бағыттары талқыланды және сауда-экономика, инвестиция саласындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, Қазақстанның Израильмен іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келе, бұл сапар екіжақты қарым-қатынас аясын кеңейтуге тың серпін береді деп үміттенетінін білдірді.
«Израильдің инновация мен жаңа технологиялар саласындағы жетістіктері бізге жақсы таныс. Бүгінде 270 компания экономиканың түрлі салаларында Қазақстан кәсіпорындарымен ынтымақтаса жұмыс жүргізуде. Сіз ұсынған формат бойынша ынтымақтастық орнату туралы мәселе бүгінгі бизнес-форум аясында қызу талқыланады деп ойлаймын», - деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Израиль мемлекетінің Премьер-министрі Қазақстанға Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында келгенін зор мәртебе санайтытын жеткізді. Биньямин Нетаньяху Израильдің қауіпсіздік пен жаңа технологиялар саласында зор табыстарға жеткеніне назар аударды. Сонымен қатар, алдағы уақытта бірқатар ортақ жобаларды жүзеге асыру туралы ойын жеткізді.
«Қазіргі кезде әлем үлкен өзгерістерді бастан өткеруде. Қауіпсіздік саласында көптеген сын-қатерлер пайда болды. Сонымен бірге бұл өзгерістер негізінен экономиканың кез келген саласымен тығыз байланысты жаңа технологиялардың зор мүмкіндіктеріне жол ашуда. Осыған орай, Қазақстан дамуының стратегиялық жоспарлары мен Израильдің мүмкіндіктерін екі елдің игілігі жолында ұштастыруды ұсынамын», - деді Израиль мемлекетінің премьер-министрі Биньямин НЕТАНЬЯХУ.