Қала әкімі өз саласының бір топ үздігіне мемлекеттік наградалар табыстады

Қала әкімі  өз саласының бір топ үздігіне мемлекеттік наградалар табыстады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда өз саласының бір топ үздігіне мемлекеттік наградалар табысталды. Қала басшысы Бауыржан Байбек озат майталмандарды "Барыс", "Парасат" және "Құрмет" ордендерімен марапаттады. Одан өзге, белсенділерге түрлі медальдар берілді. Салтанатты шара соңы - алматылық өнер ұжымдарының ғаламат коцертіне ұласты.

Республика Сарайы сыйлы меймандарға лық толды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік шара әуелі баянды елдің ширек ғасырда жеткен жарқын жеңістерін суреттейтін қойылымнан басталды. Кейін, шаһар әкімі Бауыржан Байбек сахна төріне көтеріліп, сөз сөйледі. Тағаны берік тұғырлы елдің толайым табыстарын тізіп шықты. Одан кейін, өз саласының үздіктерін марапаттады. ¤


Алғысқа бөленгендердің арасында белсенді іскерлер, құрылыс саласының мамандары, білім мен медицинаға өлшеусіз үлес қосып жүргендер мен өнер иелері бар. Айталық, 3-ші дәрежелі "Барыс" ордені биыл "Базис" компаниясының төрағасы Александр Беловичке бұйырды. Ал, "Парасат" ордені Рахман Алшанов пен талантты сәулетші Қазыбек Жарылғаповқа табысталды. Алматыда "Құрмет" орденіне 6 адам лайықты деп танылған. Одан бөлек, "Ерен еңбегі үшін", "Шапағат" сынды медальдар лайықты жандардың кеудесіне тағылды. 


«Кино саласында біраз жыл жұмыс істеп келе жатырмыз. Шет мемлекеттерде марапатқа, қошеметке үйрендік қой. Бірақ, өз елімңде орден алудың жөні бөлек екен. Біраз қобалжып тұрмын. Бұл орден - адамға үлкен жауапкершілікті жүктейді, Енді, елдің артқан сенімін ақтауға тырысамыз»,- деді "Құрмет" орденінің иегері, кинорежиссер, Рүстем ӘБДІРАШОВ.


Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырына арналған шара соңы - ғаламат концертке ұласты. Алматылық өнер ұжымдары сахна төрінде көпшіліктің делебесін қоздырып, өнер көрсетті. Қазақстаннның даму жолын бейнелейтін түрлі қойылымдар - өткеннің еншісінде кеткен ыстық естеліктерді, қиын-қыстау кезеңдерді, толайым табыстар мен жарқын жеңістерді еске түсірді. 


Мың бұралған бишілер болса, сахнада "Шаңырақ" атты хореографиялық инсталяцияны орындады. Одан кейін, қасиетті ағаш - "Байтеректің" тамыр тартып, жапырақ жайған кейпі 3Д инсталяцияда қойылды. Ғажап көрініске куә болған мұқым жұрт шат-шадыман күйде үйлеріне тарқасты.


Дастан Сейілханұлы, Влад Шишко, "Алматы" телеарнасы    



Новости партнеров