Бапкер Головкин мен Альварестің үшінші жекпе-жегі қашан болуы мүмкін екенін айтты

Бапкер Головкин мен Альварестің үшінші жекпе-жегі қашан болуы мүмкін екенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бір сәтте барлық белбеуінен айырылған өз салмағындағы кәсіпқой бокстың экс-чемпионына қазақстандық жанкүйерлер ғана емес, шетелдіктер де қолдау көрсетіп жатыр. Геннадий Головкиннің жанкүйерлері қарымта жекпе-жекті күтеді. Олар боксшының кешегі жеңілісін мойындағылары жоқ. «Трипл Джиге» не жетпеді? Дайындығы аз болды ма? Ал спортшының әріптестері боксшының жеңістері әлі алда дейді. Үшінші жекпе-жек болса, кім жеңіске жетуі мүмкін?

Мына балақай секілді қазақстандық жанкүйерлер үшін жексенбінің таңы қайырлы бола қойған жоқ. Танымал боксшының алғашқы жеңілісі төбеден жай түскендей әсер қалдырды. Геннадий Головкин үшін бүкіл ел тақым қысты. Таң атпастан тайлы-таяғы қалмай, көк сандыққа үңілді. Бірге уайымдады...

Матчты көппен бірге Олимпиада чемпионы, Мәжіліс депутаты Серік Сәпиев те тамашалапты. Ол тіпті екі спортшы тең түседі деп болжапты. Десек те, нәтиже белгілі. «Гена әлі талай жеңеді» дейді депутат.

«Әрине, матч-реваншты күтеміз. Егер қателіктермен жұмыс істеп, бұл іске тыңғылықты дайындалса, нокаутқа жіберуі мүмкін, Яғни, спорттың бұл түрінде барлығы мүмкін. Бастысы, тактика мен дайындық», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Серік СӘПИЕВ.

Депутат-спортшының пікірімен барлығы келісетін шығар. 40 жаста, 45 жаста жеңіске жеткен спортшылар да жоқ емес. Серік Сәпиев «Головкин спорттағы карьерасын аяқтауы керек» дегендерге өз қарсылығын білдірді. «Трипл Джи» рингтен әзір алыстамайды дейді.

«48 жаста керемет өнер көрсеткен спортшылар бар. Мысалы, Джордж Форман, Бэрнард Хопкинстер боскста «ұзақ өмір сүрген». Форман, қателеспесем, 50 жасында титул алған. Сондықтан барлығы мүмкін», – деді Серік Сәпиев.

Міне, бүкіл белбеуінен бір сәтте айырылған Геннадий Головкин журналистер алдына шықты. Өзіне сенімді, әзілдеп, тіпті Альваресті жеңісімен құттықтады. «Қайта оралам» деп қысқа қайырды.

«Мен чемпионмын, бұл менің жұмысым! Ары қарай да ісімді жалғастырамын. Әрине, барлығын қайтарғым келеді. Және осы жолда тынбай еңбек етемін», – деді кәсіпқой боксшы Геннадий ГОЛОВКИН.

Сонымен, Гена жеңілді! Дәл тиген соққысының саны бойынша қазақстандық спортшы алда болғанымен, жеңіс «Канелоға» бұйырды. Қазақстандық желі қолданушыларының бір тобы бұл жеңілістен саяси астар іздесе, енді бірі Геннадий АҚШ-та кәсіпқой бокс әлемі үшін бөтен адам десті, ал тағы бірі Мексиканың Тәуелсіздік күнімен байланыстырыпты. Тіпті «Канело» кәсіпқой бокстағы ең ықпалды промоутерлік компания – «Голден бой промоушнстың» басты жұлдызы екенін жарыса жазып жатыр, сол себепті, Қазақстанды шетелде танытып жүрген «GGG промоушнс» компаниясына ел болып қолдау көрсету керек деген пікірлер де бар.  

Спорт сарапшылары қарымта жекпе-жек өтуі мүмкін уақытты да топшылап отыр. Ол келер жылдың 5 мамырында өтуі ықтимал. Геннадий Голвкиннің дайындалуға 9 айы бар. Қазақта «Ер кезегі үшке дейін» деген сөз бары рас болса, қарсыластар үшінші рет шаршы алаңға шығады. Енді кімнің жеңетінін топшылай беріңіз. Сөзсіз, бұған дейінгі шайқастар тарихта қалары белгілі. Алдан күтер үміт көп.


Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы  



Новости партнеров