Елімізде қажетті мәліметтерді меморгандар онлайн түрде сұрата алады

Елімізде қажетті мәліметтерді меморгандар онлайн түрде сұрата алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әдетте жұмысқа орналасу барысында жиі сұралатын 4 анықтаманы енді қағаз түрінде тапсырмауға болады. Осыған байланысты Үкімет порталында «Анықтамасыз қызмет» сервисі іске қосылды. Қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдар онлайн түрде сұрата алады.

Бұл Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының осы жылы алғаш рет бас қосуы. Құрамында түрлі саланы басшылығы бар. Өткен жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметке көңілі толмаған 46 азамат шағым түсірген. Арыздардың басым бөлігі Мемлекеттік кірістер департаментінің жұмысына қатысты. Кейінгі тізімге Ішкі істер департаменті, тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жайғасқан.

«Азаматтардан түскен 46 шағымды сараптап шықтық. Пайыздық көрсеткішпен алғанда 32,6 пайыз. Бұл күрделі мәселе. Арыздар неге түсіп жатыр? Халықтың көрсетілетін мемлекеттік қызмет туралы ақпараттандырылуының жеткіліксіздігі, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына немқұрайлы қарауынан деп ойлаймын», - деді  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Шынарай ӘЛІМХАН.

Арыз түскен сала жетекшілері жұмысты жетілдіру үшін түрлі жаңашылдықты қолға алып жатқанын айтып ақталды. Мәселен, әр қызметкердің жұмысын бағалайтын құрылғы, одан қалды, әрқайсысының алдына камера қойып жатқанын алға тартты. Арызданушылар қатарын азайтып, қызмет сапасын арттыру мақсатында жұмыс тобы мемлекеттік орындарды тексеріп шықпақ. Халыққа қызмет көрсету орталығы қағазбастылықты жою мақсатында жаңа сервисті қолға алды. Енді жиі сұралатын анықтамаларды үшінші тұлғалар да ала алады.

Үшінші тұлғаға анықтама алу қажет болса, ол мобильді үкіметте тіркелген болуы қажет. Оны кез келген халыққа қызмет көрсету орталығынан іске асыра аласыз. Ол үшін қолыңызда жеке куәлігіңіз, мобильді телефоныңыз болса жеткілікті.

Тіркелу көп уақытыңызды алмайды. Бар болғаны 2 минут. Атап өтерлігі, бұл жүйеде электронды цифрлы қолтаңбаның қажеті жоқ. Сервис арқылы ең қажетті 4 анықтаманы алуға болады. Оның ішінде жиі сұралатын сотталмағаны туралы, тұрғылықты орнынан мекен-жай, жылжымайтын мүліктің жоқтығы немесе бар болуы туралы, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтамалар алуға мүмкіндік бар.

«Егер мен жеке тұлға ретінде сіздің атыңыздан анықтама алғым келсе, жеке сәйкестендіру нөміріңізді енгізу арқылы сіздің телефоныңызға смс хабарлама келеді. Сіз сол арқылы жою немесе растау командасы арқылы смс жіберіп, жібере аласыз. Егер сіз мені танитын болсаңыз, мен сіздің анықтамаңызды ешқайда бармай-ақ осы компьютерде шығара аламын», - деді  Алматы қаласы Наурызбай ауданы ХҚКО департаменті бөлімі жетекшісінің орынбасары Азамат САНСЫЗБАЕВ.

Бүгінде бір ғана Наурызбай ауданына мобильді үкіметке тіркелуге күніне 250 адам жүгінеді. Ал анықтаманы сұраушылар саны 17 мыңнан асып жығылады екен. Бұл жаңашылдықты енгізу орталыққа келушілер қатарын азайтып, қағаз жүзіндегі анықтамалар санын 24 миллионға дейін кемітпек.

Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров