Алматыда 124 пен 131-ші бағыттағы автобустар жаңартылды

Алматыда 124 пен 131-ші бағыттағы автобустар жаңартылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қоғамдық көліктерді жаңарту жалғасып жатыр. 124-ші және 131-ші бағыттағы автобустар су жаңаға ауыстырылды. Сондай-ақ олардың саны көбейтіліп, интервал жиіледі. Жолаушы тасымалдайтын көліктер «Еуро-5» талабына сай.

124-ші бағыттағы автобустың қатынайтын ара қашықтығы үлкен. Водниктен бастап, Таулы қырат аралығындағы елді-мекендерге қатынайды. Бұрынғы ескі автобустардың орнына «Еуро-5» талабындағы қоғамдық көліктер жүретін болды. Жаңа көлікпен жүрген жолаушылардың көңілі мәз.

«Алдыңғы барып жүрген автобустарымыз ескі болатын, бүгін 103 автобус па деп, өз көзіме өзім сенген жоқпын. Жақсы таза және жылы. Алдыңғы автобустарға қарағанда», - деді Алма ҚАНАҒАТОВА.

Автобустар жаңартылумен қатар, саны бойынша да көбейтілді. Осының арқасында интервалы жиілеп, енді 10 минут сайын жүріп тұрады. Жолаушылар легі де 2 есе арта түседі деп күтілуде. 131 бағытта да жаңа автобустар жолға шықты. Мұнда бейнебақылау камералары мен кембағал жандарға арналған орындар қарастырылған. Сонымен қатар, қоғамдық көліктер «Оңай» жүйесімен жабдықталған. Жолаушылардың шағымдары мен арыздарын қабылдайтын QR-кодта орнатылыпты.

«Бұрын жекеменшік компания қызмет көрсеткен кезде, олардың шығуы линияға 60-70 пайыз құраған болса. Енді 100 пайыз болады. Демек, 131-ші маршрутта екі есеге дейін тасымалды көбейтеміз. Автобустардың шығуы да 2 есеге көбейеді», - деді  Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Махсұт ИСАХОВ.

Еске сала кетсек, транспорттық реформа аясында Алматыда №70, 86, 22,65,103,50 126 сондай-ақ 112 және 115-ші бағыттағы автобустар жаңарды. Сонымен қатар, 201-ші бағыттағы қоғамдық көлік те қала көшелерінде жолаушылар тасымалдап жүр.

Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров