|
29.08.2018 | 19:00
9544

Алматыда барлығын өзің жасауға мүмкіндік беретін гипермаркет ашылды

Алматыда барлығын өзің жасауға мүмкіндік беретін гипермаркет ашылды

Алматыда Қазақстандағы тұңғыш OBI гипермаркеті ашылды. Мұнда үйді жөндеу мен әрлеуге, саяжай мен қала сыртындағы учаскеге, сондай-ақ, бау-бақша және ландшафт дизайнына арналған тауар түрлері бар.

OBI – жарты ғасырға жуық тарихы бар халықаралық гипермаркеттер желісі. Ол ең бірінші 1970 жылы Германияның Гамбург қаласында ашылған. Қазір Орталық және Шығыс Еуропа мен Ресейде 700-ге жуық гипермаркеті бар. Қазақстандағы мұндай алғашқы гипермаркеттің ашылуына қала әкімі Бауыржан Байбек қатысып, OBI-дің тұрғындар үшін тиімді дүкен болатынына сенім білдірді.

«Бұл тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы алғашқы OBI гипермаркеті. Жаңа технологиялар әкелетін және сапасы жақсы, бағасы қолжетімді болатын мұндай гипермаркеттер қаламыз үшін өте маңызды. OBI-дің ерекшелігі – «Барлығын өзің жаса» ұстанымына сай келеді. Яғни, үйіңізді жөндейтін болсаңыз осында келіп, құрылысқа қажетті түстерді, заттарды таңдап алып, бәрін өзіңіз жасай аласыз. Ал Алматының тұрғындары үшін мұндағы гүлдер мен өсімдік түрлерінің көптігі қуантарлық жайт. Болашақта осы гипермаркет сөрелерінде отандық өнімдер көбейе түседі деген сенімдеміз», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Алматыдағы OBI гипермаркетіне 45 мыңнан аса тауар түрі қойылған. Үлкен «Бау-бақша жұмағы» бөлімі – дүкеннің ерекшелігі деуге болады. Мұнда өсімдіктер, бақша техникасы мен құралдары, саяжай, бау-бақша тауарлары, табиғаттағы демалыс және ландшафт дизайнының кең ауқымды сұрыпталымын табуға болады. Айта кетейік, танымал франшизаны Қазақстан нарығына Asadel Retail компаниясы ұсынып отыр.  

«Қазақстан – OBI компаниясының гипермаркеттер желісі ашылып отырған 12-ші мемлекет. Президентіміздің саясатының арқасында, OBI мен ASADEL сынды компаниялардың шетелдік инвесторлары Қазақстанға келуден жүрексінбейді. Себебі, мұнда бизнес пен сұраныстың бар екенін және заңның сақталатынын біледі. Сондықтан бүгін мемлекеттің, қала әкімдігінің қолдауының арқасында мақсатымызды жүзеге асырып отырмыз. Енді тұтынушыларды тиімді бағаға сатылатын сапалы тауармен қамтамасыз етуге ұмтыламыз», – деді компанияның бас директоры Ерлан СЕЙСЕМБАЕВ.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир