Алматыда тұңғыш Халықаралық деңгейдегі «ALMATY FILM» кинофестивалі болды. Оған әлемнің әр түкпірінен келген киногерлер қатысып, шоқтығы биік фильмдер анықталмақ. Өнер бәйгесі қала әкімдігінің қолдауымен қыркүйектің 15 мен 19 аралығында өтеді.
Кинофестиваль бірінші рет ұйымдастырылып жатқанына қарамастан, оған қатысу үшін 300-ге жуық фильм келіп түсіпті. Бірақ негізгі конкурсқа ең мықты деген 10 картина іріктелініп алынған. Ал байқаудан тыс бағдарламада түрлі секция бойынша 21 фильм көрсетілмек. Қазыларды тәнті етіп, үздік шыққан Гран-при иесіне 3 млн теңге беріледі. Ал «Үздік режиссер» номинациясы 2 млн теңгені қанжығасына байлайды. «Үздік актер» мен «Үздік актриса» және «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» номинацияларына 1 миллион теңге қарастырылған.
Сондай-ақ, фестиваль аясында арнайы питчинг жоба ұйымдастырылмақ. Онда кез-келген адам өз сценарийін жолдайды. Үздік шыққан сценарий «ALMATY FILM» кинофестивалі қорынан қаржыландырылып, түсірілетін болады.
«Питчинг жобада бүгінгі күні 69 сценарий бар. Қазір соларды қарастырып жатырмыз, ішінен жеңімпазды анықтағаннан кейін, қорымыз Алла бұйыртса, сол сценарийді алып, қаражат бөліп, кино түсіреміз. Оның тұсаукесерін келесі жылы осы фестивальде жасаймыз», – деді «ALMATY FILM FESTIVAL» президенті Ақан САТАЕВ.
Кинофестиваль шеңберінде әртүрлі бизнес-форумдар ұйымдастырылып, танымал киногерлер өз шеберлік сабақтарын өткізеді. Ал кіл мықты киногерлерден құралған қазылар алқасына ресейлік кинорежиссер Сергей Бодров төрелік етеді.
Шараның ашылу және жабылу салтанаты Республика сарайында өткенімен, көрсетілімдер қос кинотеатрда қатар жүреді. Көрсетілімдердің барлығы тегін. Тек көрерменге кинофестивальдің сайтынан алдын ала аккредитациядан өту қажет. Айта кетсек, аталмыш кинофестивальді биыл Канн кинофестивалінен жүлде алған «Айка» фильмі ашады.
«Бұл кинофестивальдің идеясы өте тамаша. Біз Қазақстан киноиндустриясына халықаралық жобаларды тартып, Алматыны әлемге кеңірек танытамыз. Қала имиджі болатын бұл шара жыл сайын өткізіледі деген жоспар бар. Енді «Айка» фильмі туралы айтсам, туынды биыл Канн кинофестивалінде үздік шығып, актрисамыз Самал Еслямова «үздік актриса» номинациясын жеңіп алды. Фильмнің көрсетілімін көп көрермен тағатсыздана күтіп жүр. Бірақ бірден ескерте кетсем, бұл авторлық тұрғыда түсірілген, нағыз өнер туындысы. Попкорн алып тамашалайтын арзанқол дүние емес. Сондықтан авторлық фильмдер көріп үйренбеген жастарымызға бұл фильм түсініксіздеу болуы мүмкін екенін алдын ала айтқым келеді», – деді «ALMATY FILM FESTIVAL» қазылар алқасының мүшесі Гүлнәр СӘРСЕНОВА.