|
10.05.2017 | 10:19
8149

Нұрлан Оразалиннің 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді

Нұрлан Оразалиннің 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді

Ақын, драматург, қоғам қайреткері Нұрлан Оразалиннің 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Күллі түркі әлеміне ортақ Шыңғыс Айтматовтың өзі Оразалиннің өлеңдеріне кезінде  «Ғарыш мінезді жырлар» деп жоғары баға беріпті. Осындай атаумен өткен тұсаукесерге қазақ әдебиетің қазіргі белді өкілдері келіп, ақынның жарты ғасырдан астам уақыт қағаз бетіне толғаныс, тебіреніспен түсірген туындыларына  пікірлерін білдірді.

Бір кездері ел Мұқағали, Жұмекен, Фариза сынды тұлғасы биік талантты ақындардың жырын жатқа оқыса, поэзияны сүйетін жастар қазір Оразалиннің де орамды өлеңдерін жандарына серік етіп, жадына сіңірген. Жабырқаған жанды жұбатар, құлазыған жанға қуат берер шумақтар ақын шығармаларында аз емес. Ақын түнеріп тәңірмен тілдессе, енді бірде ғарыш кеңістігіне құлаш сермейді. Азаттық деп арпалысқан бабалар үнін естісе, түйсігі терең, ойшыл орамдарды арғыдан орағытады.

Қазақ өлеңіне нәзік те сырбаз сезімге, сырлы суретке толы, әсем нақышпен өрнектелген жырлар әкелген ақынның бұған дейін де көптеген шығармалары жарық көрді. Нұрлан Оразалин қаламгер қауымының марғасқаларын мойындатып, өз бағасын әлдеқашан алып қойған ақын. Талантқа тағзым ету мен бойынан парасатқа құштарлық байқалып тұратын ақынның «Беймаза көңіл», «Көктем көші», «Жетінші құрлық», «Азаматқа аманат», «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу» атты өзгеде оншақты жыр жинақтары оқырман қауымға бұрынан таныс.

«Ойшыл ақын. Абайдың дәстүрлері бар өлеңдерінде. Ол драматург. Драматаргия әдебиеттің ең қиын жанры. Бұл үлкен олжа. Оқырмандар үшін, кітапханалар үшін», - деді мәдениеттанушы Мұрат ӘУЕЗОВ.  

Нұрлан Оразалин қоғамда белсенді, қайраткерлігімен де танымал. Мәдениет саласында тынбай еңбек етіп келе жатқан Одақтың төрағасы сенат депутаты атанған тұсында жазушылар жалақысы мен қаламақысын реттеуге күш салды. Оның «Алтын қалам» сериясы атты бастамасымен классиктердің шығармаларына жеке-жеке арналған  32 томдық кітаптар баспадан шықты.  Бұл жаны көпшілікті қалап, ұлттық рух, қазақы келбет дегенде қарап тұра алмайтын қазақ ақыны жасаған көп жұмыстардың бір бөлшегі ғана.  

«Қиыншылық кезде, мына кеңес үкіметі ыдырап, дүниенің бәрі қирап қалған кезде келді бұл одаққа. Одақтың дүние-мүлкі сатылып кеткен болатын. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенде соның бәрін қайтарды. Отқада түсті, сотқада барды. Үш жыл жүріп күресіп, сол одақтың  дүние-мүліктерін қайтарып алды. Бұл Нұрланның мәдениетке, әдебиетке жасаған үлкен үлесі», - деді жазушы Сәбит ДОСАНОВ.

18 жасында Хан тауынан қанат қаққан қаршадай бала бүгінде бүкіл қазақ әдебиетіндегі жазушылардың жоқтаушысы, қолына қалам ұстаған қауымның қорғанына айналғандай десек артық айтқандық болмас. Ана тілдің төңірегінде туындаған мәселе, шешілмеген шаруа болса қалам тербеген қауым Оразалинге үміт артады. Өткен ғасырдағы қазақ классиктерінің тәлім-тәриесін көрген ақынның қазірде  арқалаған жүгі жеңіл емес.

«Осындай толқуға толы сәттермен, ойлармен, ойға батқан, тіпті мұңның теңізін кешкен сағаттардан тұрады. Ойсыз, мұңсыз, қуанышсыз өткен сәттердің бәрін өмірдеп есептеу қиын. Өміріме нәр берген, қуаныш силаған, өзінеің бір жасаған белгілі бір кезеңдегі еңбегіңнін қортындысын көру, елдің жанарындағы қуанышын көр менің есімде ерекше болып қалады», - деді  Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан ОРАЗАЛИН.

Жыр жинағы топталған он томдықтың тұсау кесер жиынында ақын өмірінен мәлімет берер шағын көрмеде көрсетілді. Ұйымдастырушылар, қаламгердің әр уақытта қоғам назарына ұсынған мақала, сын, пікірлері жарияланған газет-журналдар жиынтығында архивтен тауып, жұрт назарына ұсыныпты. Бұлда сезімшіл, сыршыл ақынның тебіренісін тудырды. «Ғарыш мінезді жырлар» атты тұсаукесер жұртты жырмен сусындатып, рухани кешке айналды. Тек  кітапхананың кең залы әдемі әсер алған жұртқа тарлық етті.

Әмірболат Құсайынұлы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир