|
04.09.2018 | 19:04
17177

Мемлекет басшысы Алматының индустриялық аймағын аралады

Мемлекет басшысы Алматының индустриялық аймағын аралады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаладағы индустиралды аймақты аралады. Аталған аумақта бой көтерген өнеркәсіп орындарының қарқынына баға берді.  Зауыттардың қуаттылығы қандай? Мемлекет тарапынан қандай жарылқау көріп отыр?

Мемлекет басшысы Алатау ауданындағы индустриалды аймақта ашылған бірнеше кәсіпорынның қарқынына баға берді. Соның бірі – жоғары технологиялы ток өткізгіш кабель өнімдерін шығаратын өндіріс орны. Президент жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік топтамасымен, оның дайын өнім үлгілерімен жіті танысты. Кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелескен Елбасы өндірісте еуропалық сапаға сай, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи технология мен құрылғылар қолданудың маңызын атап өтті. Ал жұмысшылар зауыттың жұмыс істеу қарқынының қуаттылығының арқасында жалақы жағынан еш тарықпайтындарын жеткізді.  

«Мен осы жерде зауыттың тазалығына жауап беремін. Алты балам бар. Үлкен ұлым осы жерде тәжірибеден өтіп жүр. Өте қуаныштымыз. Айына екі рет жалақымызды алып тұрамыз. Жағдайымыз жақсы, ұжымға да үйреніп қалдым. Өте көңілді, бір отбасы сияқтымыз», – дейді жұмыскерлердің бірі риза көңілмен.

«Бірінші кезеңде жұмсалған қаражат көлемі 36 миллион долларды құрады. Еуропалық өндірістің құрылғыларын сатып алдық. Зауытты бір жарым жылдың ішінде іске қостық. Болашақта қосымша тағы 70 миллион доллардың инвестициясын тартуды жоспарлап отырмыз. Негізгі өндірісіміз – электр кабельдері. Барлық түрі еуропалық стандарттарға сай келеді. Экспортқа шығарамыз», – деді «KMK INVESTMENT» ЖШС директоры Кирилл ПОЛЬСКИЙ.

Осыдан кейін Елбасы Tokyo Rope Almaty зауытына барды. Аталған өндіріс орнында металл габион торын жасайтын автоматтандырылған өндіріспен танысты. Шығарылып жатқан дайын өнім үлгілерін көрді.

Айта кетейік, кәсіпорын қазіргі уақытта Есентай өзенінің су арнасын қалыпта ұстап тұратын арнайы қоршауларды көптеп дайындауда. Зауыттың қарқыны мұнымен тоқтап қалмақ емес. Небәрі, бір ай бұрын ашылған бұл кәсіпорынның жұмыс істеуі үшін индустриалды аймақтан жер телімі беріліп, инфрақұрылымдық жұмыстарды толықтай жүргізілген. Мемлекет іскерлердің ісі алға басуы үшін тіпті салықтық төлемдерді де төмендеткен.

«Бұл зауыт – Орталық Азиядағы баламасы жоқ мекеме. Алматы қаласындағы Индустриялық аймақтан жерді жалға алып өз тауарымызды өндіріп жатырмыз. Габиондық тор өндірісін қазір қолға алып, ұлғайтып жатқан жайымыз бар. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауының арқасында әкелінетін шикізат салығына көптеген жеңілдіктер қарастырылған», – деді «Tokyo Rope Almaty» ЖШС Бас директоры Такеяма ТОШИО.

Бұдан кейін Елбасы үшінші буын саналатын электрлі автобустар жасау өндірісінің технологиялық үдерісімен танысты. Бұл жобаны іске асыруға 15 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тартылыпты. Оған мемлекеттік қолдау арқылы Алматы қаласының әкімдігі тарапынан жер телімі бөлінген. Оған қоса, 2 миллиард теңгеге сумен қамту және электр желілері жасалған. Өнімділік қуаты жылына 100 электрлі автобус шығаратын зауыт 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды.

«Үшінші дәрежедегі қазіргі автобусымыздың барлығы өте керемет. Өйткені, бөлшектерінің барлығы жақсы, сапалы. Батареясы 500 шақырымға жүреді. Ішінде 30 отыратын орын бар. 88 тұрып тұратын орын бар. 10 автобусымыз қазір жүруге дайын», – деді «Falcon Eurobus» директоры Мұрат ӘДІЛХАНОВ.

Осылайша, Алматының дамуы адымды екені көрсетілді. Индустриалды аймақта шығарылған өнім бизнесте бәсекелестікті арттырып, тауар бағасының тұрақтылығын сақтауға ықпал етпек. Бастысы, құнына сапасы сай болуы маңызды.  Ал экспортқа өнім шығаруға қауқарлы өндіріс ошақтарына мемлекет тарапы тағы да қолдау көрсетуге әзір.


Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы





Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир