Алматыда ағаш басып қалған жолаушының миы шайқалып, қолына зақым келген

Алматыда ағаш басып қалған жолаушының миы шайқалып, қолына зақым келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда құлаған ағаш астында қалған автокөлік ішіндегі әйелдің алақан сүйектеріне зақым келген. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағаш пен автокөлік оқиғасынан зардап шеккен әйел ауруханаға 11 тамыз күні сағат 18:15-те түсті. Оның жағдайын орташа дәрежедегі жарақат деп бағалаймыз.  Пациент қалпына келді. Оның миы шайқалып, алақан сүйектері сынған. Қолына ота жасалды»,– деді травмотология бөлімінің меңгерушісі Берик Иргалиев.

Дәрігерлердің айтуынша,  44 жасар әйел он шақты күн ауруханада бақылауда болады. Оқиға болған күні тағы бір жапа шегуші  ауруханаға жеткізілген. 23 жасар бойжеткен медициналық көмекке зәру болмағандықтан үйіне қайтарылған.

Еске сала кетсек, 11 тамыз күні Алматының қақ ортасында үлкен ағаш көліктің үстіне құлап, ішіндегі адамдарды жедел жәрдем алып кеткен болатын. Оқиға Құрманғазы мен Қонаев көшелерінің қиылысында болған. Ағаш жаншып қалған автокөлік ішінде 3 адам болған. Оның екеуі ауруханаға жеткізілген.



Новости партнеров