Алматыдағы №1 балалар үйіне 170 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі

Алматыдағы №1 балалар үйіне 170 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы №1 балалар үйіне 170 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл бастаманы үш жақты келісім арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр. «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры» мен «Халық қайырымдылық қоры»  және Алматы қаласының әкімдігі ынтымақтастық қоры туралы мемарандумға қол қойды. «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры» балалар үйінің спорт залы, тамақтану блогын қайта жасауға, айналаны абаттандыруға, компьютерлік жабдықтармен жарақтандыруға, ресурстық базаның жаңартылуына септеспек.

«Біз Президент ұсынған «Туған жер» бағдарламасын алғашқылардың бірі болып жүзеге  асыруды өзімізге борыш  әрі құрмет санаймыз. Жергілікті билікпен, «Халық» қайырымдылық қорымен» бірлесе отырып, №1 балалар үйін түгелдей қайта жөндеуден өткізіп, жаңартамыз. Білім беру жүйесін  жетілдіру, оны жоғары деңгейге көтеру үшін үлкен жұмыстар жүрігізіледі. Ақпараттық технологияларды меңгеру,мектептен тыс бағдарламалар бойынша сабақтар өтеді, түрлі шығармашылық үйірмелер  ұйымдастырылады. Сонымен қатар, балалар үйі педагогтарының біліктілігін арттыру да қарастырылған»,- деді «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры» қоғамдық қоры директорының орынбасары, Ғайша СЫЗДЫҚОВА.

Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған «Халық» қайырымдылық қоры» балалар үйінің білім беру- тәрбиелеу қызметін дамытуға, материалдық - техникалық жарақтандыруға және инфрақұрылымын дамытуға назар аудармақ. Айта кетейік, №1 балалар үйінде 3 жастан 18 жасқа дейінгі 109 бала тәрбиеленуде.  

Новости партнеров