ОҚО-дағы 7 жасар бала оқиғасы: Өңір басшысы ауыл тұрғындарымен кездесті

ОҚО-дағы 7 жасар бала оқиғасы: Өңір басшысы ауыл тұрғындарымен кездесті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі қарсаңында Сарыағаш ауданы Абай елдімекенінде болып, ел ағаларымен, ауыл тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқосуда өңір басшысы Наурыз - татулыққа бастайтын мейрам екенін айта келе, тұрғындарды ынтымақпен бірлесе еңбек етуге шақырды.

«Мемлекет ретінде қалыптасып, Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне ширек ғасыр ғана болған елімізге татулық пен ынтымақ өте қажет. Сарыағаш шекаралық аймақта орналасқан стратегиялық аудан. Мұндағы халықтың өсімі өте жоғары. Сондықтан да елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Елбасымыздың қолдауымен жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мұның бәріне елдегі тұрақтылық пен бірліктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Осы жетістіктерімізді ел ағалары мен тұрғындары қолдап, қуаттап отырса, бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндігіміз мол», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімі кездесу барысында Абай ауылында болған оқиғаға да тоқталды. Бұл мәселемен тиісті құзырлы органдардың айналысып жатқанын айта келе, болшақта мұндай жағдайлардың орын алмауы үшін ел ағалары, ауыл билері бірігіп, жүйелі түрде жұмыс істеуі керектінін мәлімдеді.

Кездесуде сөз алған ауыл биі М.Ілесбеков ел ішіндегі түрлі мәселелердің дер кезінде шешілуіне ел болып атсалысып, жұмылу қажеттігін жеткізді.

Жиын соңында облыс басшысы сарыағаштық тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, елімізде тыныштық пен берекенің салтанат құруын тіледі.

Ал, қоғам қайраткері Аружан Саин 7 жасар баланың ісіне байланысты сейсенбі күні Бас прокуратурада тергеу жұмыстары басталғандығын айтты.

«Ересектер мен балаларға сексуалдық зорлық-зомбылық көрсету әрекеттері бойынша сотқа дейінгі тергеу мен сот отырыстары қазіргі заңнама бойынша жабық режимде өтеді. Осыған қарай тергеу жұмыстарының деңгейіне қатысты кез-келген ақпаратты ҚР Бас прокуратурасының өкілдері ғана жариялай алады», - деп жазды Аружан Сайн өзінің Facebook парақшасында

Оның айтуынша, баланың анасы оның әжесімен және тәтесімен байланыста.

«Бала мен оның анасының қайда екені құпия. Біз ел басшыларына істі Бас прокуратураға жолдағаны үшін және оны Қайрат Қожамжаровтың жеке бақылауына алғаны үшін алғыс айтамыз және тексеру жұмыстары толықтай қылмыстық-атқару заңнамасына сай, обьективті болады деп сенеміз», - деп қосты Аружан Саин.

Еске салайық, Сарыағаш ауданы Абай ауылында тұратын 7 жасар баланың зорланғаны туралы ақпарат қоғамда қызу пікірталас туғызды. Баланың әжесі құқық қорғау органдарына немересін жоғары сынып оқушылары зорлап келгенін айтып, арызданған. Қылмыстық іс қозғалды.

Айта кету керек, даулы жағдайдан соң ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев бірқатар шенеунікке сөгіс жариялап, жұмыстарынан шеттетті. Абай мен Сарыағаш елді мекендерінде полиция қызметкерлері орнынан кетті. Сондай-ақ, бұл істі арнайы прокурор өндіріске алды.

Кешірек баланың анасы перзентін Астанадағы «Асыл бала» республикалық қауымдастығы орталығынан алып кеткендігі белгілі болды. Сонымен қатар, бұл оқиғаға халықаралық сарапшылар шақырылуы мүмкін екендігі айтылды.

Новости партнеров