Өз баласын өлімге қиған әке 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Алматыдағы Шығыс айналма жолы бойында 4 жасар ұлын соққыға жығып, шалажансар күйде тастап кеткен Мұрат Асқароғлыға Қылмыстық Кодекстің 106-бабы бойынша іс қозғалды. Яғни, күдікті қазір денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiргені үшін тергеліп жатыр. Ал ауыр соққыдан әрең дегенде ес жиған баланың халі әлі де мүшкіл.
Осыдан бірер апта бұрын ғана дүйім жұрттың алдында бауыр еті баласын Шығыс айналма жолының бойына шалажансар күйде тастап қашқандарды оңдырмай қарғап-сілеген Мұрат Асқароғлы деген азамат осы. Қайғыдан қан жұтып, жыларман болған әкенің өзін кеше полицейлер қамауға алды. Мұны естіген ел төбелерінен жай түскендей болды. Көпшілік туған әкесінің өз баласын өлімші етіп сабағанына әлі де сене алар емес.
Дегенмен, тәртіп сақшылары әр түрлі түсініктеме берген Асқароғлыдан әу бастан-ақ күдіктенген екен. Бірақ көлік қақты деп тергеушілерді шатастырған куәгер келіншектің сөзінен соң, жоқ жүргізушіні іздеумен әлек болған. Ал қолдарына нақты дәйектер жинап, куәгерлерден жауап алған соң, сақшылар күні кеше қатыгез әкенің қолына ойланбастан кісен салған.
«Дәйек заттар жинау кезінде Мұраттың түсініктеме беруі кезінде, сұрақ-жауап алу барысында қателесіп шатасқаны күмән тудырды. Бұл азамат неліктен қателесті екен деген ой туды. Содан соң оның да сөзін жіті тексеріске алдық. Мыңдаған бейнекамералардың видеосын жіті талдап, тексеріп шықтық. Сол бейнекамераның бірінде баланың әкесі ұлын жетектеп алып кеткені белгілі болды. Бастапқы сөзінде Мұрат «баланың менің артымнан ергенін көрген жоқпын» деп айтқан болатын», – деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Полицейлер 4 жасар Мұхамед ес-түссіз жатқан жерді де жіті тексеріпті. Сөйтіп бүлдіршін табылған жердегі қалың шөпті шауып, баланың қолындағы кішкентай дөңгелекті тапқан. Сондай-ақ, қанға боялған тасты да байқаған. Сараптама кезінде баланың басын жарған дәл осы тастан оның әкесінің саусақ таңбалары шығыпты. Сақшылар бірнеше дәйекті көрсеткен соң, қатыгез әке өз кінәсін мойындап, жыламсырап кешірім сұрады.
«Мұның барлығы қалай болғанын білмеймін. Ол кезде мас едім. Дүкенге барып сыра алдым, балам қасымда жүрді. Бір уақытта аяғыма оратылып, мазамды ала бастады. Ашуым келген соң қуысқа апарып, сол жерде жатқан таспен басынан ұрдым. Кейін, автобусқа отырып, жұмысыма кеттім», – дейді күдікті Мұрат АСКАРОҒЛЫ.
Туған ұлын ұрып жыққан соң, Мұраттың оған жәрдемдесуге де шамасы жетпепті. Айтуынша, есін жұмысына барып бірақ жиған. Ал жол бойында қан-жоса болып жатқан шиеттей бүлдіршінді жақын маңдағы үйлердің бірінде тұратын көрші әйел байқап қалыпты. Келіншек бірден жедел-жәрдемге хабар беріп, баланың астына үйінен кілем әкеліп жатқызған екен.
Осы оқиғадан соң бірнеше күн ес-түссіз жатқан Мұхамедтің қазір беті бері қарағанмен, жағдайы әлі де нашар дейді ақ халаттылар. Айтуларынша, сүйегі жаншылып сынған бүлдіршіннің басына әлі де ота қажет. Бірақ дәрігерлер осы күнге дейін баланың жарақаттары жол апатынан немесе соққыдан болғанын нақты дөп басып айта алмай отыр.
«Алғаш түскен кезде жағдайы өте ауыр болды, бала ес-түссіз жатқан еді. Басының сол жақ аймағында жара болды. Компьютерлік рентген жасағаннан кейін баланы бірден отаға алдық. Ол жарақатына қарап бірнәрсе айту өте қиын. Көлік апатынан кейін бе, жоқ құлап қалды ма, ол жағы, өкінішке қарай, белгісіз», – деді Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы Бас дәрігерінің міндетін атқарушы Дінмұхаммед РУЗУДДИНОВ.
Құзырлылардың ресми дерегіне сүйенсек, кеше кешке Ішкі істер департаментінде Мұрат Асқароғлы өз туыстарының алдында да кінәсін мойындап, кешірім сұрапты. Полицейлердің айтуынша, өткенге өкінген ол өзін қамаудан босатпауын өтініпті. Күдікті «бостандыққа шықсам, осы әрекетім үшін туыстарым мені тірі қоймас» деп жабарынған екен.
Айта кетсек, өз баласын таспен ұрды деп айып тағылған Асқароғлыға 106 баппен, яғни адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтiргені үшін қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің кінәсі толық дәлелденсе, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал бұл хабарды естіген бүлдіршіннің туыстары туған әкенің мұндай қатыгездікке барғанына сенгісі жоқ. Дегенмен, жаға ұстатар жайттың нүктесін енді сот қояды.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы