|
27.01.2017 | 11:44
1641

Еліміздің мемлекеттік телеарналары Универсиада ойындарын тікелей эфирде көрсетпек

Еліміздің мемлекеттік телеарналары Универсиада ойындарын тікелей эфирде көрсетпек

Билеті жоқтар қызықтан құр қалмайды. Еліміздің мемлекеттік телеарналары Универсиада ойындарының барлығын тікелей эфирде көрсетпек. Бас-аяғы 200 трансляция болады деп жоспарлануда. Байрақты бәсекелерді баяндап отыратын комментаторлар да іріктелген. Арна басшылары олардың тәжірибиесі толысқан, білімі жетік деп отыр. Спорт сүйер қауым студенттердің тартысты сайыстарын  «Хабар» мен «Қазспорт» арналарынан тамашалай  алады. Олар тікелей эфирде ұзын-ырғасы 140 трансляция жасайды, одан өзге 60 арнайы бағдарлама әзірлемек.


«Біз 12 спорт түрінің барлығын тікелей эфирде көрсетеміз. Алайда, бірнеше сайыс бір күнде өтетін кездер болады. Ондайда, біздің комментаторлар тек қазақстандық спортшылар қатысатын спорт түрлерін ғана баяндамақ. Өйткені, тап сол ойындар отандастарымыз үшін қызықты болады деген ойдамыз», - деді  «Kazsport» телеарнасының директоры Павел ЦЫБУЛИН.


Ал, «Хабар» арнасы қысқы спорттың 5 түрін оқиға орнынан таратады. Одан өзге, көзі қарақты көрермен Универсиаданың ашылу және жабылу салтанатын осы арнадан тамашалай алады. Егер сайыс ұзаққа созылса, олар эфир уақтын толық беруге дайын отыр.


«Алматыда арнайы студиямыз бар. Ол жерден тікелей эфирде хабар таратуға болады. Сондай-ақ арнайы жобаларды әзірлеуге де мүмкіндік бар. Біз танымал сарапшыларды қонаққа шақырып, жарысты талқылаймыз. Бұл - көрермендер үшін қызықты болады», - деді «Хабар» телеарнасы директорының орынбасары Ерлан ИГІСІНОВ.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир