Алматыда туған балаларын жауыздықпен өлтіріп, бөлшектелген мәйітін тоңазытқышқа тығып кеткен ата-ана сот алдында жауап бере бастады. Оларды жантүршігерлік қылмысқа маскүнемдік итермелеген екен. Күдіктілер егіздерді аяусыз өлтірген соң, өздеріне қол салмақ болыпты. Алайда, жандарын қия алмаған.
Айыпталушы орындығында еркін отырған екеу осы күзде естіген адамның жағасын ұстатар жауыздыққа барған еді. Олар туған егіз балаларын өлтіріп, бөлшектенген мәйітін жалдамалы пәтердегі істен шыққан тоңазытқышқа жасырып қойған. Алайда, бұл қылмыстары көп ұзамай әшкере болды. Пәтерге полицейлерді сасық иіске тұншыққан тұрғындар шақыртқан еді. Осындай жантүршігерлік әрекетке барған ананың сот залында табан асты ұяты оянып, тағы бір кішкене баласының барын сылтауратып бет-жүздерін жария етпеуді сұрады.
Бүлдіршіндерді туған әкесі, яғни Өзбекстан азаматы Эмиль Гильмутдинов өлтірген көрінеді. Ал балалардың анасы Анна Волченко азаматтық некедегі серіктесінің мұндай қадамға баратынын алдын ала біліпті. Бірақ құрсағынан шыққан сәбилерін өлтіруге қарсылық танытпаған, керісінше, қылмыс жасауға көмек берген. Эмиль егіздердің жанын қиып жатқанда, Анна тұңғыштарын көшеге қараусыз қалдыруға аттанады. Кейін екеуі өздеріне қол салмақ болыпты.
«Баланы тастап кеткеннен кейін, Панфилова-Гоголядан квартира жалдап, сол жерде өлгісі келген. Газды ашып қойған түнімен арақ ішкен. Бірақ ештеме болмаған, газ алмаған. Сосын, мына Түрксіб аудандық ІІБ-не өздері балаларымызды өлтірдік деп келген», - деді Э. Гильмутдиновтың қорғаушысы Амангелді САРИЕВ.
Полицияға өз еріктерімен берілген ата-ана «балаларымыз жылап, мазамызды қашырғасын өлтірдік» деп түсінік беріпті. Десе де, күдіктілердің қорғаушылары мұндай қылмысқа екеуін ащы су итермелеген, деді. Өйткені, олардың дендері сау болған, тек күн құрғатпай ішуін тоқтатпапты.
«Жан бағуға ақшасы бар, себебі күніне 5000 теңге табамыз деп тұр. Ол енді 5000 тапқанның өзінде де бір айдың ішінде 100-150 мың теңге ғой. Жетеді ғой ол. Мен не себепті деп сұрадым. Олнегізінен арақтың салдарынан болған ғой», - деді Э. Гильмутдиновтың қорғаушысы Амангелді САРИЕВ.
Екі баласын өлтіріп, қолын қанға бояғандардың тұңғыштары дін аман. Қазір бүлдіршін №2 балалар үйінде. Әке-шешесінің сұмдық әрекетін сәби жүрегі сезсе керек, жасы 3-ке таяған Равильдің тілі әлі шықпапты. Баламен арнайы психолог мамандар жұмыс істеп жатыр екен.
«Біз соттың үкімін қолымызға алған күні, балаға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған деп құжат толтырамыз. Әрмен қарай, оны асырап алғысы келетіндерге қамқорлыққа беруге толық құқымыз бар. Қазір баланың денсаулығы жақсы. Ата-анасына қатысты сот процесі аяқталғанша балалар үйінде болады», - деді Алматы қаласы Медеу ауданы білім бөлімінің бас маманы Айтгүл КЕМЕНБАЕВА.
Қандықолдардың екеуіне де екі бірдей айып тағылып отыр. Олар «адам өлтіргені үшін» және «баланы қауіпті жағдайда қалдырғаны» үшін жаза арқалайды. Бұл баптар бойынша күдіктілер 10-нан 20 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ал, соттың басты талқылауы 24 қарашаға белгіленді.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы