Парижде Мұстафа Шоқайдың мұражайы ашылғалы жатыр

Парижде Мұстафа Шоқайдың мұражайы ашылғалы жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Парижде Мұстафа Шоқайдың мұражайы ашылғалы жатыр. Франция қазағы Көпжасар Нұрғазыұлы осы іске білек сыбана кірісіп кеткен. Көне там қазір құр босқа қаңырап тұрған көрінеді. Бірақ, оны музей ету - оңай шаруа емес. Ақсақал қанша тырысқанымен, жергілікті биліктен рұқсат ала алмапты. Сондықтан, қазақ дипломаттарынан көмек сұрауда. Қазір Париждегі музейлердің бірінде Мұстафа Шоқай бұрышы бар. Еуропадағы қазақтар оны көруге жиі келеді. 


Еуропадағы ең көп қазақ осы Францияда тұрады. Шамамен 250-дей отбасы әсем шаһарды мекендейді. Мұндағы қандастарымыз әртүрлі салада жұмыс істейді. Барлығы бай-бақуатты. Бірақ, шалғайдағы қазақстанға деген сағыныш олардың өзегін өртеп, өңмеңін жұмалайды. Сондықтан шығар, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде болған думанды кеште бізбен жолыққан Франция қазақтары туғанын көргендей шын марқайып, арқа-жарқа болды. 

Көпжасар Нұрғазыұлының Парижге көшіп келгеніне жарты ғасырға жуықтаған. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал өзінің Мұстафа Шоқайдан кейін Францияға қоныстанған екінші қазақ екенін айтады. Қарияның қандастарына деген сағынышы әлі де сейілмепті. Қауырт қызметіне қарамастан, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Алматының мың жылдығына орай ұйымдастырылған шараға асыға жеткен. Мұндағы көрмені көріп, қуанып отыр. 

"Біздің мәдениетіміз бен әдебиетіміз әлемде жоқ екен. Киген киімдеріміз дәстүрлі, тәрбиелі. Жүрген жүріс, сөйлеген сөзіміз барлығы ұнады. Ал, Алматы 2008-ден қазіргі дейін тіпті құлпырып кеткен. Арасы жер мен көктей",- М. Шоқай атындағы қазақ-француз қоғамдық қорының президенті, Көпжасар НҰРҒАЗЫҰЛЫ. 

Ақсақалдың арғы аталары 1934 жылы үркіншілік кезінде Түркияға Семей өңірінен ауып кеткен. Ал, кәрі құрлыққа 1971 жылы келіпті. Бастапқыда тіл білмей, ортаға сіңісіп кете алмаған. Еуропадағы еңбегін тері илеуден бастаған ол, кейін келе өз кәсібін ашып, қазір тон тігеді. Табысы молайған. Мұстафа Шоқай еңбектерін батыс халықтарына бұрыннан дәріптеп жүр. Ендігі міндеті - арда азаматтың Парижде тұрған үйін мұражай жасау. Бірақ қолы қысқа болғандықтан, ол шаруасы ширамай жатыр. 

"Қария егер қазақ дипломаттары қол ұшын созса, Еуропадағы қазақтар қаржылай көмек көрсетсе, бұл іс шешілер еді,- дейді. Қазір Париждегі мұражайлардың бірінде Мұстафа Шоқай бұрышы бар. Ол жерге алаш қайраткерінің суреті мен кітаптары қойылған. Франция қазақтары бұл орынға жиі келіп тұрады",- деді М. Шоқай атындағы қазақ-француз қоғамдық қорының президенті, Көпжасар НҰРҒАЗЫҰЛЫ. 

Дастан Сейілханұлы, Ғибрат Бақаев, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы 



Новости партнеров