Алматыда ақылы тұрақтарға арналған 12 мың теңгелік абонемент сатылымға шығарылмақ

Алматыда ақылы тұрақтарға арналған 12 мың теңгелік абонемент сатылымға шығарылмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы паркоматтар енді артық ақшаны қайтара алады. Тек қолма-қол емес, ол автоматты түрде ұялы телефонға түседі. Сондай-ақ ақылы тұрақтарға арналған айына 12 мың теңгелік абонементтер сатылымға шығарылмақ. Ал ақылы көлік аймағында тұратын халық үшін тиімді келісім-шарт ұсынылып отыр. Мәселен, тұрғындар айына 1000 теңге төлеп, темір тұлпарын кез келген уақытта қоя алады. Алдағы уақытта қандай мекен-жайда ақылы тұрақ пайда болады?

Биыл Алматыда ақылы тұрақ орындарының саны 15 мыңға дейін жетеді. Қазіргі уақытта көлік қаңтаратын шамамен 11 мың орын жұмыс істеп тұр. Оның 6500-ден астамы жол шетіндегі болса, 4408-і алаңша үлгісінде жабық тұрақтарда ашылған. Былтыр ақылы тұрақтар есебінен қала бюджетіне 269 млн теңге салық ретінде түсіпті. Ал темір тұлпарын тегін қойғысы келгендерге 128 млн теңге айыппұл салынған. Биыл тәртіп күшейіп, видеотіркеу құралының саны 2-ден 7-ге дейін көбейтіледі.

«Былай есептеп қарасақ, өткен жыл бойы біз тротуарлық тұрақтардан 357 млн теңге жинадық. Ал мына жабық тұрақтардан, алаңқай дейміз, содан 302 млн теңге жиналды. Бірақ осы компанияда 150-ден астам қызметкерлеріміз бар. Сол себепті осы жалпы айлық төлеу мәселесімен жыл бойы 285 млн теңге қозғалды» «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры  Марат ПІРІНБЕКОВ.

Жалпы қала бойынша 16 аумақта 132 паркомат жұмыс істейді. Есте болса, ақылы тұрақ ең алғаш рет тесттік режимде 2013 жылы Назарбаев даңғылы және Қазыбек би көшелерінің қиылысында, кейін 2016 жылы  Жібек жолы мен Мақатаев көшелерінің қиылысындағы Зенков көшесінің бойында ашылған. Биыл Достық көшесінен бастап Наурызбай батыр көшесіне дейінгі және Райымбек даңғылынан бастап Шевченко көшесіне дейінгі квадратта салынады. Осындай ақылы тұрақ маңында тұратындар халық үшін резиденттік келісім-шарт қарастырылған. Оны рәсімдеу үшін тұрғылықты мекен-жай анықтамасы мен көліктің техникалық құжатын әкелу жеткілікті.

«Осы 1000 теңге айына жарты жылға резиденттік рұқсаттама береміз. Сол себепті осы тұрып жатқан зонаның ішінде ол адам машинесін қоя береді. Тіркеуге кірмейді. Ал қалғандарға, мысалы, жұмыс істейтін басқа бір зонаға жиі келетін болса ол абономент сатып алады. Абономент 6 мың айына. Ол тек сол белгіленген жерге ғана беріледі», - деді «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры  Марат ПІРІНБЕКОВ.

Сондай-ақ компания темір тұлпар тақымдағандарға құны 12 мың теңге тұратын абонемент енгізбек. Оны сатып алғандар қаладағы кез келген мекен-жайда орналасқан ақылы тұраққа көлігін бір айы тегін қоя алады. Әкімдік мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдіктер де қарастырыпты. Айтпақшы, алдағы уақытта паркоматтар артық ақшаны қайтара алады. Тек қолма-қол емес, ұялы телефонға түседі. Қазір жоба жасақталып жатыр. Бұл ұрлықтың алдын алу үшін қолға алыныпты.  

Жадыра Омаржан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров