Павлодардағы Маралды көліне 70 мың турист келеді

Павлодардағы Маралды көліне 70 мың турист келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ертіс өңіріндегі Маралды тұзды көлінің туристік әлеуетін арттыру мақсатында 100 млн жеке инвестиция құйылған, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Жалпы курорттық жердің туристік инфрақұрылымын дамыту соңғы бірнеше жылда қолға алынған. Алдағы демалу маусымында бірегей тұзды көлде 70 мыңнан астам адам тынығады деп болжанған.

Демалыс орнының өкілі Жанар Жақанованың айтуынша, Маралды көлінің жағасында пирс салынып, этноауыл бой көтермек. Бүгінгі таңда бұл жерде 50 марал өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта емдеу орны ашылмақ.

«Көлдің инфрақұрылымын салу барысында 200-ден астам адам еңбекке тартылды. Ауа райының қолайсыздығынан бассейн, балалар ойын алаңын қоюға үлгермей қалдық. Бірақ, құрылыс жұмыстарын жазда жалғастырамыз. Маралды жерін екіге бөлеміз. Бірі «вип» зона болса, екіншісі табиғат аясында ас әзірлеп, тыныққысы келетіндерге арналады», - дейді Жанар Жақанова.

Бұл көлдің суы мен табиғи батпағы шипалы. Сондықтан, туристер арасында жоғары сұранысқа ие. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін сәйкес инфрақұрылым болмапты. Демалыс маусымы ашылған күні екі мыңға жуық турист келіп, тынығып қайтқан. Олардың қатарында шетелдіктер де баршылық.

«Маралды көлінің топырағы шипалы. Батпақтың төрт түрі бар. Осындай дүние еш жерде жоқ болғандықтан, сонау Белоруссиядан келіп демаламыз. Бүгінде бұл жер нағыз курортқа айналды», - дейді шетелдік мейман Анна Архипова.

Ғалымдардың айтуынша, Маралды көлінің суы мен батпағы буын ауруларына ем. Шипалы батпақ туристік тартымдылығын арттыра түседі. Былтырғы демалыс маусымында бұл жерге 50 мың турист келсе, биылғы жылы бұл межені арттыру көзделуде.

Новости партнеров