Кезекті Almaty Fest Big City Picnic шарасы Қала күнінде өтпек. Мұнда тұрғындар қаладағы танымал мейрамхана аспаздарының түрлі тағамдарынан дәм тата алады. Одан бөлек, фестиваль қатысушылары үшін түрлі аймақ жұмыс істейтін болады. Ересектер мен балаларға арналған қызықты бағдарлама дайындалған.
Максим Белоусов Almaty Fest Big City Picnic фестивалінен қалыс қалған емес. Биыл да тұрғындарға арнап дәмді тағамдарын даярламақ. Ол Қала күніне орай өтетін шарада астың басым бөлігін алмадан дайындауды көздеп отыр.
«Ерекше тағамды ойлап табу үшін бізге уақыт берді. Тұрғындар үшін мейрамханада дайындалатын ерекше тамақ әзірлемекпіз. Мәселен, өзіміз дайындаған шұжықты техникада емес, көмірмен пісіреміз. Оған қоса, алмадан жасалған кәуәп ұсынбақпыз», – деді бас аспаз Максим БЕЛОУСОВ.
Фестивальде түрлі аспаздар дайындаған астан бөлек, байқау және шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Шарада бірнеше аймақ жұмыс істейді. Оның барлығы Алматы символы – алмамен байланыстырылмақ. Балаларды да қызықты бағдарлама күтеді. Сондай-ақ келушілер концерт те тамашалайтын болады.
«Алматы – алма қаласы. Біздің мақсатымыз – осы жеміс түрін қайта жаңғыру. Түрлі сайыстар да осы алмаға қатысты өтпек. Аталған шара осымен үшінші рет өткізілмек. Жыл сайын оны тамашалауға келушілер саны да артуда. Биыл да олардың қатары ұлғая түсетініне сенімдімін», – дейді Almaty Fest Big City Picnic фестивалінің ұйымдастырушысы Александр ШУМСКИЙ.
Фестиваль алдағы демалыс күні Almaty Аrena кешені алдындағы алаңда ұйымдастырылмақ. Шара таңертең басталып, кешке дейін жалғасын таппақ. Келемін деушілер үшін есік ашық.
Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы