«Алматы марафонының» жеңімпаздары марапатталды

«Алматы марафонының» жеңімпаздары марапатталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда осымен жетінші рет халықаралық марафон өтті. Биыл спорттық шараға қатысуға ресми түрде 14 мың адам тіркелді. Бірақ 16 мыңдай алматылық бұқаралық спорт додасына қатысқан жақындарына қолдау білдіруге келген. Қатысушыларға берілген ең ұзын дистанция 42 шақырым болды. Қашықты алғашқы еңсерген 3 желаяқ қаржылай сыйлыққа ие болды. Республика алаңынан басталып, дәл сол жерде аяқталған марафон жайлы келесі бейнематериалда.

Салауатты өмір салтын ұстанатындар жексенбінің таңында Алматыдағы Республика сарайының алдына жиналды. Ұйымдастырушылар марафонда қатысушылардың таңдауына қарай 10, 21 және 42 километрге жүгіруді, ал балалар үшін 3 километр қашықтықты ұсынды. Көтеріңкі көңіл-күйде келген қала қонақтары мен тұрғындарына Алматы әкімі Бауыржан Байбек сәттілік тіледі.

«Алматы қаласында біз спортшылар үшін, қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасап отырмыз спортпен шұғылдануға. Елбасы айтқандай, біздің ұлтымыздың денсаулығы - біздің табысты болашағымыздың кепілі, негізі. Сондықтан спортпен айналысқан азаматтар, әрине. Ең бастысы өздерінің денсаулығы үшін жұмыс істейді. Сондықтан бүгін ұйымдастырушыларды, қолдаушыларды, барша қонақтарымызды осы іс-шарамен шын жүректен құттықтаймын», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Сондай-ақ қала басшысы Алып шаһарда бұқаралық спорт түрлерінің дамуына баса назар аударылып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, Алматыда көптеп веложолақтар мен жүргіншілер жолы салынуда. Ал әлемдегі қайырымдылық мақсаттағы 5 ірі жарыстың қатарына енген шараға бұл жолы Европадан, Азиядан, тіпті Солтүстік Америкадан және Австралиядан да қатысушылар келген. Марафонға стартты қала әкімі Бауыржан Байбек берді.

Белгіленген нүктелерде дәрігерлер, құтқарушылар мен тәртіп сақшылары кезекшілік етті. Оған қоса, су ішетін пункттер орнатылған. Марафонға қатысқандарды жанкүйерлер қолдады. Ал спортшылардың көңіл-күйі көтеріңкі.

Биыл жарыс бағыты өзгеріп, марафон Республика алаңынан басталып, дәл осы жерде аяқталды. Қатысушылардың барлығы нәтижесіне қарамастан естелік медальдарға ие болды. Айта кетейік, 42 шақырымды 2 сағат 33 минутта еңсерген алматылық Михаил Красилов бас жүлдені, яғни 400 мың теңгені қанжығасына байлады. Екінші орын үшін 350 мың, үшіншіге 250 мың теңге жүлде тағайындалды. Жалпы марафоннан түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалады.


Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров