Ресейдің Кемерово қаласында болған өрттен қаза тапқандардың саны 64 адамға жетті. Ал із-түссіз кеткендердің саны нақты белгісіз. Сауда орталығында өрт қауіпсіздігін сақтамаған ғимараттың басшысы бастаған барлығы төрт адам қамауға алынды. Қайғылы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. «Зимняя вишня» ойын-сауық орталығы Кемерово қаласында танымал, таңдаулы жерлердің бірі болып келген. 64 жанның өмірін жалмаған өрт жексенбі күні тапа-тал түсте шыққанмен, жалын тек дүйсенбі күні ғана сөндірілген. Мың бес жүз метр шаршы жерді шарпыған жалыннан тағы 84 адам жарақат алған.
«Сауда орталығында өрт шықты деген ақпарат сағат 16:10 да келіп түсті. Өрт балалар ойнайтын бөлме мен кинотеатр жақтан шыққан», - деді РФ Кемеров облысы ТЖД басшысының орынбасары Евгений ДЕДЮХИН.
Жалынды ауыздықтауға 660-тан астам адам мен 120-дай техника жұмылдырылған. Құтқарушылар өртенген ғимараттың ішінен әлі де адамдарды іздестіріп жатқанмен, жоғалған ондаған жандардың тірі қалуы мүмкін емес деп отыр. Ал Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеев қайтыс болған жандардың отбасына бір миллион рубльден көмек беретіндерін мәлімдеді. Көрші елдегі қайғылы жағдайдан соң Қазақстан шенділері елдегі сауда орталықтарындағы өрт қауіпсіздігін естеріне түсіре бастады. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі қаза болғандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ, деді.
«Қайғылы жағдай. Көрші елде болған апат біз үшін сабақ болды. Бізде бақылау қызметі, өрт инспекциясынан басқада қадағалайтын органдар бар. Олар халықтың қауіпсіздігі үшін барлық ғимараттардың қауіпсіздігін қадағалаулары тиіс», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ахмет МҰРАДОВ.
«Мен жалпы құрылыстардың сапасына көңілім толмайды. Құрылысқа қатысты сараптама, бақылау бір қолдан екінші мекемеге өте береді. Стандартты ережелерде жиі өзгереді. Осы жағдайдан кейін ел көлемінде мониторинг жүргізу керек. Өйткені барлық сауда-ойын орталықтарында балалар алаңдары бар», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ирина УНЖАКОВА.