|
20.12.2017 | 16:34
2831

Алматыда егіз балаларын өлтірген ата-ана өмір бақи бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін

Алматыда егіз балаларын өлтірген ата-ана өмір бақи бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін

Алматыда туған балаларын тұншықтырған қаскөй ата-ана өмір бақи бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Мемлекеттік айыптаушы егіздерін қатыгездікпен өлтіріп, мәйітін тоңазытқышқа тыққандарға осындай жаза кесуді сұрады. Алайда, безбүйрек әйел әлі де кінәсін мойындамай отыр. Ол балаларын жақсы көргенін айтып ақталды. Одан қалды, екі жасар тұңғыш ұлын асырауға ата-ана құқығынан айырмауды өтінді.

Аты шулы істің соңғы отырысында Алла Волченко осылай деп, ақталуға барын салды. Ол өзінің тірі жанға қиянаты жоқ жақсы адам екенін алға тартты. Ең бастысы - барлық балаларын жақсы көретін, мейірімді ана екенін айтып қалды. Айыпталушы соттан 2 жасар ұлы Равильдің одан қорықпайтынын анықтау үшін психологиялық сараптама тағайындауды сұрады. Әрі, тұңғышына ата-ана құқығынан айырмауын өтінді. Бірақ соттың қатыгездікке барған анаға жүрегі елжіремеді, өтінішті қанағаттандырмады.

«Гильмутдинов Эмиль Салаватұлын 99 баптағы «адам өлтіру дерегі» және 119 баптағы «қауіпті жағдайда қалдыру» дерегі бойынша айыпты деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ Волченко Алла Александрқызын айыпты деп танып, оған 19 жыл жаза кесуді сұраймын», - деді мемлекеттік айыптаушы Расул ЕСДӘУЛЕТОВ.

Бұдан бөлек, мемлекеттік айыптаушы сотталушыларды ішкіліктен мәжбүрлеп емдеуді талап етті. Ал 2 жасар тұңғыш ұлдарын қамқорлыққа беруді ұсынды. Қаскөй әке соңғы сөзінде өзінің кінәсін толық мойындап, өкініш білдіргендей болды. Ал Алла Волченко әдеттегідей бастапқы жауабынан тайқып, күйеуі балаларды өлтіріп жатқанда басқа жақта болғанын айтты. Әрі, өзіне тағылған айыппен келіспей, ісін «кісі өлтіру»-ден «қылмысты жасырған» деген бапқа аударуды өтінді. Айтуынша, ол сәбилерді өлтіріп жатқанда қолын қанға былғамаған, бар жазығы жантүршігерлік қылмысты жасырғаны екен.

«Гильмутдинов балаларды шынымен өзі өлтіргенін мойындап отыр және Волченконың бұл туралы білмегенін айтты. Бірақ барлығы, прокурор да Волченко қылмыс жасайтынын білді деп тұжырымдады. Бірақ қандай негізге сүйеніп бұлай айтып отыр? Мен түсінбеймін. Ия, кейде балалар ауырып, қараусыз қалған шығар. Дегенмен, ол ана ғой. Қайткенмен де балаларды бақты, бір жылдай бірге тұрды, Аналық сезімі қалды ғой», - деді Алла Волченконың қорғаушысы Фархад ТАИПОВ.

Адвокат қорғауындағы Алла Волченконы «адам өлтірді деген» баптан толық ақтауды сұрады. Бірақ тұңғыш ұлын «Самал» ықшамауданында қараусыз қалдырып кеткені үшін 45 күн жаза тағайындауды ұсынды. Дегенмен, қандай шешім қабылданатыны әзірге белгісіз. Сот үкімі 22 желтоқсанға белгіленді. Осы тұста қамқоршылық ұйымының өкілдері қаскөй ата-ананың тұңғыш ұлын Эмиль Гильмутдиновтың Ташкентте тұратын ата-анасы алып кетуге ниеттеніп отырғанын жеткізді. Еске сала кетсек, ерлі-зайыптылар егіз ұлдарын өлтіргені үшін сотталып жатыр. Олар бір жастағы балалардың жанын қиып, мәйітін сөмкеге салып тоңазытқышқа тығып кеткен болатын.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир