«Жұлдызай» байқауының финалына 300 қатысушы өтті

«Жұлдызай» байқауының финалына 300 қатысушы өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ерекше балаларға арналған республикалық «Жұлдызай» байқауының финалына 300 қатысушы өтті. Биыл фестиваль бір сахнаға 8 мыңдай үміткерді жинап, ең мықты деген дарындарды іріктеген. 12 жыл қатарынан ұйымдастырылған өнер байқауы осы жылы Алматыда алғаш рет ұйымдастырылған. Ал жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған  таланттар 1 маусым күні Республика сарайында болатын гала-концертте өнер көрсетеді.

Сахна сыртында балалардың айрықша құлшынысымен дайындалып жатқаны байқалады. Әрқайсысының өнері ерекше. Бірі мың бұрала билесе, енді бірі әнін әуелетіп шырқамаққа бекінген. Бұл байқау - балалар шығармашылығын арттырып, мақсаттарға жетелеуді көздейді.

«Қазылар алқаның мақсаты - ең дарынды балаларды іріктеп жинап, оларға диплом беріп, сыйлық беріп, Алматының әдемі табиғатына қыдырту. Сондай мақсатпен біз жиналдық», - деді «Жұлдызай» фестивалі қазылар алқасының мүшесі Бақыт ОСПАНОВА.

Ақтық сынға аяқ басқандардың бірі - Еңлік, топтық би құрамында өнер көрсетеді. Оңтүстік Қазақстан облысынан келген өнерпаз көрермендерді Корей биімен таң қалдырмақшы. Арбада отырса да, кішкентай биші қыз хареографиямен бүлдіршін кезінен айналысып келеді екен.

«Жұлдызай» балаларды үміттендіріп, балаларды өнерге үйрететін фестиваль. Маған сонысымен ұнайды. Мен кішкентай кезімнен билеп келе жатырмын. Бұндай конкурстарға көп қатысқанмын», - деді байқауға қатысушы Еңлік ӘБДІМУТАЛИ.

Фестивальдің іріктеу кезеңдері еліміздің бүкіл аймақтарында өтіп, 8 мыңға жуық баладан қатысуға өтініш түсіпті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, өтінім білдіргендер саны жыл сайын артып келеді. Жүлделі орындар хареография, вокал, ыммен ән айту, аспаптық орындау, бейнелеу және қолөнері сияқты 6 номинация бойынша үлестіріледі. Биыл аталмыш байқауға қала әкімдігі қолдау көрсетіп, 76 миллион теңге қаржы бөлініпті.

Назкен Байтілес, Асет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров