Алматыдан ұрлап әкеткен балаларды Интерпол Малайзиядан іздестіруде

Алматыдан ұрлап әкеткен балаларды Интерпол Малайзиядан іздестіруде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Интерпол туған әкесі ұрлап әкеткен қазақстандық балаларды Малайзиядан іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ-не сілтеме жасап.

ҚР СІМ мәліметінше, қазақстандық әйелмен некеде болған Малайзия азаматы балаларын өз еліне алып кеткен. Ерлі-зайыптылар 2017 жылдың 14 тамызында ажырасқан. Арада 2 және 3 жасар екі бала қалған. Осы жылдың 8 наурызында шетелдік азамат балаларын Қазақстаннан алып кеткен.

«Бұл балаларды іздестіру мақсатында Малайзиядағы Қазақстан елшілігі СІМ өкілдерімен және сол елдің полициясымен кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында малайзиялық тарапқа тиісті құжаттар тапсырылды. Қазіргі таңда Малайзия полициясы және Интерполдың жергілікті бөлімі ҚР елшілігі  тапсырған құжаттарды қарап, балаларды іздеуге кірісті»,– деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Айта кету керек, балалар Малайзияда өмірге келіп, осы елдің туу туралы куәлігін алған.

Малайзия заңы бойынша оларды Қазақстанға алдыруға ешқандай кедергі жоқ. Ал жоғалған балалардың әжесінің айтуынша, немерелерінің біреуі ғана Малайзияда туған, екіншісі Қазақстан куәлігін алған.

Еске сала кетсек, алматылық әйелдің малайзиялық күйеу баласының әрекеті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Ол енесін ұрып соғып, екі баланы құжатсыз  елден алып  кеткен. Оның қасында Малайзия азаматшасы болған.

ҚР СІМ шетелдік азаматтың 8 наурыз күні Астана–Ташкент бағытындағы рейспен Қазақстан шекарасын кесіп өткенін растады.


Новости партнеров