Наша сатудың жаңа тәсілі. Алматыда тұрғын үй қабырғаларында синтетикалық есірткі жарнамалары қаптап кеткен. Мұны байқаған қоғам белсенділері оларды жаппай жоюды қолға алды. Күдікті жазбалардан құтылу үшін халықты жұмыла күресуге шақырып отыр.
Қабырғаға сурет салу бұрыннан бар өнер. Сондықтан ондай бейнелерді бір емес, көптеген жерлерден көруге болады. Қабырғаларда қауіпті дүниелер де орналастырыла бастаған. Алматыда есірткі сатушылар тауарын қабырғаларға жарнамалауды қолға алыпты. Мұны алғашқылардың бірі болып байқаған қала тұрғыны - Ольга Агапова. Қазір қауіпті жазбалардың көзін жойып жүр.
«Жазбалар трафарет арқылы жазылған. Онда сілтеме көрсетілген. Оны алдымен өзіміз тексердік. Кейіннен расымен синтетикалық есірткі жарнамасы екендігін анықтадық. Енді жазбаны өшіру үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасап жатырмыз»,- деді «Еркін адамдар» қорының директоры, Ольга АГАПОВА.
Қабырғадағы қауіпті жарнамалармен күресу үшін Ольга топ құрған. Қазір олар қаланың барлық аумағын тексеріп жүр. Оған қоса, қалалық ішкі істер департаменті мамандары да тергеу амаладарын бастапты. Жазбаларды көрген тұрғындар да қоғам қауіпсіздігі үшін қолдарынан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз дейді.
«Біздің де өзіміздің жас балаларымыз бар. Немерелеріміз бар. Осыларды оқиды, кіреді. Содан кейін соларға жақын болады. Сондықтан олармен жалпы өзіміз тұрғындар болып күресуіміз керек. Жан-жақты көзіміз ашық болмаса, ондай жазбалар көбейе береді күннен-күнге»,- деді Қала тұрғыны, Шыныбек ТҰҢҒЫШБАЕВ.
Қабырғадағы есірткі жарнамаларымен күресушілердің сөзінше, мұндай жазбалар тек Алматы ғана емес еліміздің өзге өңірлерінде де пайда болған. Атап айтқанда, Астана және қарағанды қалаларында да бар екен. Сондықтан қоғам белсенділері онымен күресті бірлесіп жүргізуге шақыруда.
Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы