Топан су Тұздыбастау ауылының тұрғындарын әбігерге салды

Топан су Тұздыбастау ауылының тұрғындарын әбігерге салды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Топан су Тұздыбастау ауылының тұрғындарын әбігерге салды. Бір түнде мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Белден келген судан безінген тұрғындар дүние-мүлкін түгел тастап, жан-жаққа жанұшыра қашқан деседі. Облыстық төтеншеліктер тасқын 4 көшенің астан-кестеңін шығарған, дейді. Ағысы қатты болғаны соншалық, кейбір үйдің қақпасын да жұлып әкетіпті. Қазір апат болған жерде құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Жағдайды өз көзімен көру үшін ауылға облыс әкімі  Амандық Баталов та келді.

Тұздыбастаудың төменгі бөлігіндегі мына үйдің ауласын толықтай су басқан. Ағын су жолындағысының барлығын ағызыпты. Тіпті, үй иелері уақытша қауіпсіз жаққа көшірілген екен. Құтқару қызметі қазір қызыл суды арнайы техникамен сорып, көшенің бойын топырақпен бекітіп жатыр. Енді бірінде тұрғындар өз күштерімен иіген батпақты аршуда.

Тұрғындар топан су кеше түнде тасыды, дейді. Содан жанұшыра жан-жаққа қашыпты. Кейбірі тіпті құжаттарын да алып үлгермеген. Тек бала-шағасын ертіп, тысқа қарай ұмтылған. Бір түнде бас-аяғы мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген.  

Қызыл су Тұздыбастауға осыдан 3 күн бұрын ауыз сала бастаған. Бірақ толассыз жауған кешегі жауын жағдайды мүлдем ушықтырып жіберіпті. Тұрғындар тасқынның қатты болғаны соншалық, кейбір үйдің қақпасын жұлып әкетті, дейді. 

Ағын су ауылдың 4 көшесіне тегіс жайылған. Қазір қауіпті аумақтарды тәртіп сақшылары қоршауға алып, төңірекке жан баласын жуытпай жатыр. Төтеншеліктер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде. Апатты ауыздықтауға коммуналдық қызмет өкілдері мен ұлттық гвардия қызметкерлері де жұмылдырылған.

Өңірде төтенше жағдай жарияланды. Апатпен 250 құтқарушы күресіп жатыр. Арықтарды аршуға 45 техника тартылыпты. Мамандар табиғат тағы да шәлкез мінезін танытпаса, ауылды бір-екі күнде қызыл судан арылтамыз, дейді. Оған дейін далада қалған адамдар ауыл мектебінде түней тұрмақ.

«Оқиғаны ести салып, педагогикалық ұжым мен ата-аналар бірлесіп, көрпе-жастықтарын әкеліп жатты. Бүгінгі күні 70 адамды ыстық тамақпен қамтамасыз еттік. Мектебіміздегі асхана қызметкерлері апатқа тап болған адамдарды тамақтандырды», - деді Тұздыбастау ауылындағы №13 мектептің директоры  Құралай ҚОНЫСБАЕВА.

Апатты естіп, облыстан Амандық Баталов та келді. Өңір басшысы жағдаймен танысып, жауаптыларға тасқын шығынын есептеуді тапсырды. Осыдан кейін ғана, үйі бүлінгендерге материалдық көмек көрсетілмек.

«Қазір ең бірінші сіздерге көмек көрсетеміз. Комиссия жіберіп, шығынды есептетеміз. Барлықтарыңызға көмектесеміз, қорықпаңыздар», - деді Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ.

Әлемтапырақ күйге түскен тұрғындар су тартылып біткенше, жақындарын жағалай тұрмақ. Бастысы - тасқын қайта тасымаса екен, дейді. Ол кезде онсыз да шатқаяқтап тұрған үйлері толықтай қирап қала ма деп қорқады.


Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров