Жасырынып жасыл ағаш кескендер ұсталды. Алматының «Арбаты» аталып кеткен, көпшілік көп жүретін демалыс орнында көп жылдық ағаштарды түн жарымында сұлатуға сол жерде орналасқан сауда үйінің иесі тапсырыс беріпті.
Түнімен тасып үлгірмеген бөренелерді әкетуге келген жұмысшылар таңертең жергілікті тұрғындардың «қоршауында» қалды.
Ал тапсырыс беруші қалталы қожайын құзырлы мекемелерден рұқсат алдуы қажет деп те таппаған. Жұмысшылардың «ағаш шіріген» деген ақпараты да жалған болып шықты. Жергілікті полиция заңсыздыққа барған жалдамалы жұмысшыларды ішкі істер бөліміне алып кетсе, сауда үйінің қожайынына қомақты айыппұл салынды. Демалатын орындықтар мен қоқыс жәшіктері де бүлінгендіктен, шығындарды да кәсіпкер өтеуге тиіс. Ол өзінің үндеуін де жариялап үлгірді.
«Алматылықтар, Алматы қонақтары, Жібек жолы көшесі, 104 үй мекенжайы алдындағы 4 қара ағаштың кесілгені рас, қателікпен кесілген сол ағаштардың орнына біз жақсы, сапалы ағаштарды отырғызуға уәдемізді береміз. Оны бірінші тамызға дейін орындаймыз», – деген өз үндеуінде ағаш кесуге тапсырыс берген кәсіпкер.
Жасыл желектің жойылмауына жауапты басшылардың айтуынша, кез келген ағашты кесу үшін алдымен халыққа қымет көрсету орталықтарына барып арыз өткізіп, рұқсат алу қажет. Биылғы жылы қала көлемінде оннан астам ағашты заңсыз кесу дерегі тіркелген.
«Шілденің 11-інен 12-іне қараған түні өздеріңіз көріп тұрған ғимараттың иесі осы ағаш кесуді заңсыз ұйымдастырған. Ешқандай рұқсат қағазы жоқ. Оған 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Одан бөлек, кескен әр ағаш үшін он ағаштан отырғызуды міндеттейміз», – дейді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет МАСАБАЕВ.
Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы