Мұнайшылар бұрғылау қондырғысында жұмыс істеуді өз елімізде оқиды

Мұнайшылар  бұрғылау қондырғысында жұмыс істеуді өз елімізде оқиды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді қазақстандық мұнайшылар бұрғылау қондырғысында жұмыс істеуді өз елімізде оқуға мүмкіндік алады. Бұған дейін мұнай компаниялары 500-ге жуық қызметкерін шетелге жіберіп оқытып келген болса, енді Алматы қаласындағы Алатау ақпараттық технологиялар паркі еркін экономикалық аймағында бұрғылау қондырғысын пайдалана отырып оқытатын арнайы орталық ашылды. Оның жұмысымен премьер-министр Бақытжан Сағынтаев танысып шықты. Аталмыш құрылғы бұрғылау процестерін модельдеуге және мұнай-газ ұңғымаларының құрылысы кезінде кездесетін қиындықтармен күресуге көмектеседі. Мамандардың бірінші легі осы жылдың 13-ші ақпанында оқуын бастайды. 7 күндік оқу курсы 300 мың теңгені құрайды.

«Қондырғы Шотландияда жасалған. Бұл қондырғыны пайдаланып оқыған адамдар халықаралық сертификаттар алып шығады. Кез-келген мемлекетте жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Бұрғылау қондырғысында қандай өлшемдер болатын болса, соның барлығы бұл техникалық жабдықта дәлме-дәл көшірмесі берілген. Яғни, келген персонал бұрғылау қондырғысындағыдай жұмыс жасап үйренеді»,- деді ҚБТУ инжиниринг және ақпараттық технологиялар институтының нұсқаушысы, Қанат СҮЛЕЙМЕН.

Алатау технологиялық паркін аралау барысында Бақытжан Сағынтаев  мұнай инженерлерін, бұрғылау мердігерлерін және сервистік компаниялардың техникалық кадрларын кәсіптік даярлау бойынша заманауи оқу-жаттығу орталығында болды. Сондай-ақ, заманауи импортты алмастыратын телекоммуникациялық жабдықтар өндіретін компанияны көрді. Одан өзге, арнайы экономикалық аймақта жұмыс жасайтын ІТ-ұйымдарының өкілдерімен кеңес өткізді. Кеңес қорытындысы бойынша, Үкімет басшысы  инвестициялар және даму, ақпарат және коммуникациялар министрліктеріне айтылған ұсыныстарға талдау жасап, оларды «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу кезінде ескеруді тапсырды.



Новости партнеров