Жамбыл облысында апатқа байланысты кешіккен пойыз жолаушыларына өтемақы төленеді

01.08.2018 17:47

Жамбыл облысында жүк пойызының рельстен шығып кетуіне байланысты қажетті жеріне жете алмай қалған 5 пойыздың жолаушылары өтемақы алады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Хабар24.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК хабарлаған.

Айта кетейік, апат кеше таңғы уақытта Мойынты-Шығанақ теміржол бағытының Қашқантеңіз-Жастар аймағында орын алған. Төтенше жағдайға вагондардың бірінің бүйіріндегі жақтауының сынуы себеп болған. Зардап шеккендер мен мерт болғандар жоқ. Оқиғаны тергеу жұмыстарымен арнайы комиссия айналысады.

«Темір жол көлігі туралы заңға сәйкес, пойыздың шығу кестесінен кешігуіне байланысты пойыз жолаушылары өтемақы алады. Оқиғаның басты себебі «Иском Транс» ЖШС-ның жеке меншігіндегі пойыз вагонының бүйіріндегі жақтауының сынуы себеп болып отыр. Белгіленген заң тәртібіне сәйкес, келтірілген шығындардың барлығы жүк вагонының иесіне артылады», – деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі басқармасының төрағасының міндетін атқарушы Марат Шәкенов.