Алматыда зағип жандар салған суреттер көрмеге қойылды

Алматыда зағип жандар салған суреттер көрмеге қойылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда зағип жандардың қолынан шыққан суреттер көрмеге қойылды. Ерекше жобаны осыдан 15 жыл бұрын Грузиядан келген суретші бастапты. Көзі көрмейтіндер бейнелеу өнерінің түрлі әдістерін пайдаланып, қиялдарындағы туындыға жан бітірген. Ол үшін зағип жандар қажетті құралдардан бөлек, қол қимылымен және жүрекпен сезіне білу керек деп отыр. Айта кетейік, көрме шілденің 12-сінен 14-іне дейін жалғасады.

«Әрине, сөздің шыны керек. Біз көрмеген соң біздің әлем бөлек болады. Біздің әлемеміздегі бүкіл сурет менің жүрегімнен шығады. Менің жасаған үлкен суреттерім үшеу. Біреуі мешіт, өзіміздің әрине. Басты салғаным. Екіншісі – үлкен қайық. Судағы, теңіздегі. Үшіншісі – өзіміздің жұмыс үстеліміз. Май шамы бар қасында. Қауырсыны бар», – дейді көрмеге қатысушы Қуанышбек Жәуметов.

«Зағип жандардың өзгелерден бөлек өз әлемі бар. Бұрын суретшілер академиясында сабақ беріп жүргенімде, оқушыларымның бірі аяқ асты көрмей қалды. Сол кезде көзі көрмейтін адамға қалай сурет салуға болатыны туралы ойлана бастадым. Осыдан бірнеше уақыт бұрын Мальтада болғам. Көрме Израильде, Германияда, Грузияда өткен. Енді міне Қазақстанға да келдік», – деді Грузиядан келген көрме ұйымдастырушысы Георгий Гураспашвили.

Новости партнеров