Алматы облысының прокурорлары балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тосын сый жасады

Алматы облысының прокурорлары балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тосын сый жасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетім көрсең жебей жүр. Алматы облысының прокурорлары бір күндік қызметтерін аяз ата рөліне ауыстырды. Еңбекшіқазақ ауданындағы облыстық мамандандырылған балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тосын сый жасады, сыйлықтар үлестірді. Мақсат - жетімдер санын азайту.

Бұл бүлдіршіндер Шелек ауылындағы облыстық мамандандырылған балалар үйінің тәрбиеленушілері. Көздері жәудіреген жетімдер мен тастандыларды Еңбекшіқазақ ауданының прокурорлары ұмытпай, жаңа жыл мейрамымен құттықтап, сыйлықтар табыстады.

«Жетісу - балалар үйінсіз» бағдарламасы аясында осы қайырымдылық шарасына қатысып отырмыз. Жалпы прокуратура органдарының мақсаты - балалар үйіндегі балалар санын азайту. Халық санасына осындай балалар үйіндегі әп-әдемі, сүйкімді бүлдіршіндердің бар екенін және оларды асырап алуға болатынын, асырап алу үшін қандай да бір құжатқа қол ұшын беретінімізді халық санасына жеткізу мақсатында қайырымдылық шарасына қатысып, соны өткізіп отырмыз», - деді Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық прокуратурасының аға прокуроры Еркін ҚҰСАЙЫНОВ.

Негізі 1974 жылы қаланған балалар үйінде 27 бала тәрбиеленуде. Олардың көбі мүгедек. Дегенмен, дәрігерлер олардың жағдайын күнделікті қарап, мамандардың тексеруінен өткізіп отырады.

«Біз 4 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп емдейміз. 4 жастан кейін Талғар қаласындағы балалар үйіне тапсырамыз. Мұнда балалар мамандандырылған ем, оңалту шараларын алады. Қажет болған жағдайда басқа емдеу орталықтарына да апарамыз», - деді Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері Зәуре ОТАРБАЕВА.

Жаңа жылдық шараны мекеме қызметкерлері шама шарқынша безендірген. Бұл кішкентай шақалақтар уақытша мекендерінде мейрам қуанышын сезіну үшін жасалған шара. Сәбилердің арасында Қарлығаш та бар. Есте болса, Қарлығаш Ақши ауылында дүниеге есігін аша салысымен, тастанды атанған еді. Ол алғашқы жаңа жылын осында қарсы алмақ.

Кішкентай Қарлығаш қазір 6 айда. Дәрігерлердің айтуынша, ол қазір өз жасына сай дамып келеді. Сонымен қатар, өте белсенді, жүруге талпыныс жасап жүр.

«Қазіргі жағдайы жақсы, денсаулығы да жақсы. Осы жерде қарап жатырмыз. Атасы мен апасы келіп тұрады. Келіп, араласып, құжаттарын дайындап, енді болашақта құжаттары жөндесе, өзіміз бағып, асыраймыз деді», - деді медбике Әлия ПІРІМҚҰЛОВА.

Балалар үйінде өз отбасын тапқан жалғыз Қарлығаш емес. Жыл басынан бері бұл мекемеден 14 сәби жаңа отбасына оралыпты. 6 бүлдіршін қамқорлыққа алынса, 2 бөбектің ата-анасы санаға келіп, туған отбасына алып кеткен.

Азамат Әуезхан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров