Дәрігерлер Астанада тағы бір жүкті әйелдің қайтыс болғанын хабарлады

Дәрігерлер Астанада тағы бір жүкті әйелдің қайтыс болғанын хабарлады
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Қыркүйектің бірінде Астананың №2 көпбейінді қалалық ауруханасында қайтыс болған әйелдің өліміне «Қағанақ суының эмболиясы» себеп болуы мүмкін. Бұл туралы қоғамдық қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәлімдеді.

Олардың айтуынша, көз жұмған азаматшаға қан жолдарын бітеп, босануын қиындататын ауру туралы алдын ала ескертілген. Мамандар бұл дерт 10-15 мың әйел затының біреуінде кездеседі дейді. Оның үстіне, дәрігерлер құтқаруға тырысқан азаматша аяғы ауыр кезінде қант диабеті бола тұра, инсулиндік терапиядан бас тартқан болып шықты.

Айта кетейік, жыл басынан бері Астана перзентханасындағы дәрігерлер қолында осымен толғағы келген бесінші әйел көз жұмып отыр.  

«Алдын ала болжам бойынша қайтыс болған әйелге «Қағанақ суының эмболиясы» диагнозы қойылды. 2 қыркүйекте патологиялық сою жүргізілгенде, бұл диагноз расталды. Бірақ бұл әлі де алдын ала болжам болып қала береді, апта соңында паталогоанатомдар гистологиялық зерттеуден кейін нақты диагнозды жариялайды», – деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия РҮСТЕМОВА.

Айта кетейік, бұған дейін төрт ана өлімі себеп болған перинаталдық орталықтың бас дәрігері қызметінен босатылды. Барлық жағдай нөмірі бірінші перинаталдық орталықта тіркелген. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысынан кейін журналистермен кездесуінде биыл ел аумағында 266 мың нәресте дүниеге келгенін айтты. Өкініштісі, 40 ана босану барысында жан тапсырған.  




Новости партнеров