Алматыдағы автопарк басшылары жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа шырмалған

Алматыдағы автопарк басшылары жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа шырмалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы автопарк басшылары жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа шырмалған. Қала басшысы Бауыржан Байбек, елімізде тұңғыш рет ашылған көлік мамандарының біліктілік орталығын аралау кезінде, осындай бассыздыққа тоқталды. Әкімнің сөзінше, қазір жолаушы тасымалдаушылар көлеңкелі кәсіппен айналысып жүр. Тіпті, салықтан жалтарып, табыстың көп бөлігін қала қазынасына емес, қалталарына басатын көрінеді. Ал, жаңа орталықта жүргізушілерді қоғамдық орындарда әдеп сақтап, қызметтеріне жауапкершілікпен қарауға үйретеді.

Бұл орталық Алматыда биыл ашылған. Мұнда қоғамдық көлік жүргізушілері өздерінің шеберлігін шыңдайды. Бейәдеп қылықтан қалай арылу керектігін үйренеді. Одан қалды, психологтардан тұрақты кеңес алады. Бұл - тізгін ұстаушыларды тәртіпке үндесе керек.                                                   

«Бізде курс 3 күн болады. Бір аптада 24 сағат сабақ алады. Оның құны 16 мың теңге мен 18 мың теңге аралығында. Кейін, оларға сертификат беріледі. Ол сертификат 1 жылға жарамды»,- деді Көлік мамандарының біліктік орталығы директоры, Роза БАДАЕВА.

Орталықта 12 дәрісхана бар. Келушілерге 16 мұғалім сабақ береді. Біліктілік арттыруға жүргізушілердің өздері мүдделі екен. Одан бөлек, әзірге жұмыссыз, бірақ қоғамдық көлікті басқаруға ниетті адамдардың саны көп. Қазір олардың 30-ға жетеғабылы жаңа мамандықты игеруде.                                          

«Бірінші оқытады. Оған біз әрбір адам басына шаққанда 30 мың теңгеден ақша бөлінеді. Сондай-ақ, оларға стипендия төленеді. Қазір біз осы орталықта 30 жұмыссыз адамды оқытып жатсақ, енді 300 адамды оқытуға сұраныс түсіп жатыр»,- деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, Айгүл АХМЕТОВА.            

Озық орталық жұмысымен әуелі қала басшысы Бауыржан Байбек танысты. Шаһар әкімі кешеннің ашылуы - құптарлық іс дейді. Өйткені, қоғамдық көлік жүргізушілеріне жолаушылар тарапынан түсетін арыз-шағым толастамаған. Тұрғындар тізгіншілердің қитұрқы қылықтарынан әбден мезі болыпты. Жергілікті полицейлер де жолдағы тәртіпке салғырт қарайды.    

Жол сақшыларына қырғидай тиген қала басшысы автопарк басшыларын да сынға алды. Бауыржан Байбек жолаушы тасымалдаушылар құлқы қамын күйіттеумен келеді деп сөкті. Әкімнің сөзінше, олар табыстарының көп бөлігін қала қазынасына емес, қалталарына басады.              

Белең алған бассыздықты баса айтқан әкім, олқылықты дереу жоюды тапсырды. Әйтпесе, әлгі іске құзырлылар араласпақ. Биыл Алматыда 60 тау автобусы сатып алынбақ. Іргедегі қытайлық жолаушы тасымалдаушылармен ортақ келісімге келу жоспарланған.

Дастан Сейілханұлы, Қанат Кигізбаев "Алматы" телеарнасы 

 


Новости партнеров