Ақпарат аламанында «Алматы» арнасы адымдап алға жылжып келеді. 19 жылдан бері үздіксіз хабар таратып отырған телеарнаның толағай табысы толассыз. Биыл Президенттің алғысын алған арнаның, көзі қарақты көрерменге ұсынар дүниесі мол.
Ақпарат аламанында талай тілшінің қанатын қақтырып, өзекті өртейтін, шымбайға батқан мәселелерді бүкпесіз жариялап келе жатқан «Алматы» арнасының тынымсыз еңбегін биыл елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі елеп-ескерді. Президенттің алғыс хатын алғаш рет алған телеарна ұжымы үшін бұл биік белес. 19 жыл бұрын қалалық телевизия ретінде құрылған телеарна бүгінде өңірлерді тұтас қамтитын ұлттық цифрлық хабар таратуға қауқарлы. Алып шаһардың аумағында ғана емес, Астана да тілшілер қосыны жұмыс істейді. Сондай-ақ Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облысында көтерілген маңызды мәселерді үнемі жариялап келеді. Бас-аяғы сан түрлі форматта 13 бағдарлама көзі қарақты көрерменнің назарына ұсынылуда.
«Кез келген телеарнаның деңгейі тікелей оның имиджімен байланысты. Осы тұста, біз арнаның келбетін түбегейлі өзгерттік деп айта аламыз. Эфирдің мәдениеттілігі мен оның мазмұнына өте мұқият мән береміз. Соның арқасында өзіндік аудиториямыз көптеп жиналып келеді. Әсіресе, кешкі жаңалықтарды өткізіп алмауға тырысатын көремендеріміз баршылық. Оған қоса, «Өмір иірімі» бағдарламасы екі маусым бойы өз көрермендерін арттырмаса, жоғалтып алған жоқ»,-деді «Алматы» телеарнасы бас директорының орынбасары Рита ЖҮГІНІСОВА.
Тың идеясы толассыз тілшілер тобының тынбай еңбектенуі тағы да өз нәтижесін берді. Өмірін тікелей елордамен байланыстыратын кейіпкерлер жайлы деректі фильм - додада топ жарды. Қазылар алқасына ұсынылған бұл туынды қысқа метражды ғана, оның толық нұсқасы Астана күніне орай, Алматы арнасынан көрсетілетінін көпшіліктің есіне саламыз.
«Өзіміздің бағымызды сынап көрейік дегендей тапсырдық. Жеңімпаз болғанға әрине қуанымыз. Бұл жерде мәселе қомақты бір жүлде алуда емес. «Алматы» арнасының шын мәнінде адымдап дамып келе жатқанының бір айғағы. Біздің телеарнамыздың ребрейдингі өтіп, тұсаукесері өткен кезде, алдымызға қоған мақсатымызды бүкіл жұртқа паш еткенбіз. Біз ойшыл, парасаты мен пайымы жоғары көрерменге тұшымды дүние ұсынамыз деп. Осы бетімізден қайтпауға тырсамыз әрине»,-деді «Алматы» телеарнасы меншіктік өндіріс департаментінің директоры Дана БАҚТЫҒАЛИЕВА.
Осылайша, жүзден жүйрік шыққан ұжым жаңа маусымға, жаңа деректі фильмдерді әзірлеуге білек сыбана кірісті. Ал арнаның моторы саналатын жаңалықтар қызметінің тілшілері күн-түн демей, оқиға орнынан табылуға тас түйін дайын екенідіктерін дәлелдеп келе жатыр. Массмедиа сарапшыларның сөзінше, соңғы уақытта көгілдір жәшікке телміретін көрерменнің саны артқан. Оған біздің арнаның да қосып жатқан үлесі орасан. 1 айдың ішінде кем дегенде 2 миллион көрермен аудиториясын жинауға барын салады. Ал осыдан 3 жыл бұрынғы рейтингпен салыстырғанда, қазіргі көрсеткіш одан, 2 жарым есеге артқан. Жаңалықтар мен қоса «Өмір иірімі» бағдарламасын телеарна туындыларын тамашалыйтын әрбір 5-ші ел азаматының көретіні тағы бар. Оған қоса, ұлттық дәстүрлі құндылықтарды ұлықтап келе жатқан «Інжу-маржан», «Сәуле-Ғұмыр» секілді үздік хабарларды ел асыға күтеді. Ал қоғам тынысын барыншаайқын көрсетуге бағытталған «Ақшам алаңы» секілді бағдарлама аптасына 4 рет көрермен назарына ұсынылуда. Телеарна тынысының ашып келе жатқанын, бір терінің пұшпағын илеп жүрген сала мамандары да жоққа шығармайды.
«Көрермендермен кері байланыс әсіресе осындай үлкен қалаларда жаңағы кері байланыстың арқасында жекелеген проблемаларды шешу, осы билік пен тұрғындардың арасындағы көпір болу жағынан алған кезде Алматы телеарнасы өте дұрыс бағыт ұстанып отыр. Соның арқасында жаңа өзім айтып кеткендей көрермендермен жақын, көрерменге жақын телеарна өзінің мәртебесін орындап отыр»,-деді өңірлік бақ альянсының президенті Жанахмет АҒЫБАЕВ.
«Өзіміздің жүрегімізге жақын, бүйрегімізге бұрып тұратын арна ол «Алматы» арнасы. Қазір жаңалықтар беру әдісі жақсарды, өзіме ұнайды. Сосын ой салатын толғақты мәселелерді көтеретін хабарлар көбейіп келе жатыр. Бұл бұрын өңірлік, қалалық телеарна сияқты болса, қазір республика бойынша «отау тв» жүйесі арқылы барлық қазақстандықтар көре алатын жағдайға жетті. Сосын кино бергенде де, жарнаманы көп тықпылай берейтіні де, жұршылықтың көкейінен шығады»,-деді ҚР журналистер академиясының академигі, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре ЖҮСІП.
Кино демекші, телеарна ұжымы сериал көретін сүйікті көременіннің де көңілінен шығуға тырысып бағуда. Былтыр арнаның тікелей араласуымен түсірілген екі бірдей сериалдың аудиториясы көп болғандықтан, биыл да жаңа туынды түсіруге кіріскен. Одан бөлек, жаңа маусымда жаңа бағдарламалардың тұсауы кесілмек. Осылайша, өткен жылы ғана жаңа студиялық павильонын ашқан «Алматы» арнасы ақпарат айдынында құлашын кеңге жайып келеді.
Әйкерім ЕРДӘУЛЕТҚЫЗЫ, Әсет ҚҰНДАҚБАЕВ, «АЛМАТЫ» Телеарнасы.