|
27.07.2018 | 17:10
9755

Бүгін түнде қазақстандықтар Ай тұтылуын тамашалай алады

Бүгін түнде қазақстандықтар Ай тұтылуын тамашалай алады

Бүгін түнде Ай тұтылып, қанды қызыл түске боялады. Бұл 17 жылда бір рет болатын өте ерекше құбылыс дейді астрономдар.

Шілденің 27-інен 28-іне қараған түні Жер серігінің тұтылуы бірер минут емес, 4 сағатқа жуық созылады. Жалпы, Ай жылына 2 рет жартылай тұтылады. Ал толықтай тұтылғаны сирек орын алады екен.

Сондай-ақ, 28-ші шілдеде Марсқа қарама-қарсы тұрады. Бұл дегеніміз, Жер мен Марс арасы жақындап, ондағы шаңды дауылды көруге мүмкіндік туады. Тек бұл әсем көріністі тамашалау Еуразия мен Африка құрлығының тұрғындарына ғана бұйырғалы тұр.

Айтпақшы, бұл күні Ай Жерге де, адамдарға да ерекше әсер етеді дейді мамандар.

Ай толық тұтылғанда адамға кері әсері болуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, қазір Ай апогейге жақын тұр. Яғни, оның Жерден ең үлкен қашықтықта орналасқанын білдіреді. Оған қоса, орбитадағы басқа нүктелерге қарағанда жылдамдығы азырақ. Сондықтан, Айдың Жердің көлеңкесінен өтуіне біршама уақыт кетеді.

«Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, негізінде, Ай өзінен сәуле шығармайды ғой. Оған Күннің сәулесі түсіп, бізге жарық болып көрінеді. Ай тұтылу кезінде Жердің, Жер Күннің көріну дискісін біраз уақытқа жабады. Қалқалайды. Сол кезде Ай Жердің көлеңкесіне енеді. Сондықтан, бұл қайталанып отыратын құбылыс. Ерекше. Бұл жолғы ерекшелігі, толық ай кезіндегі тұтылуы», – дейді В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының ғылыми қызметкері Сәуле ШӨМШЕКОВА.  

Бүгін Ай Жердің ала көлеңкесіне Астана уақыты бойынша сағат түнгі 23-тен 13 минут кеткенде ене бастайды. Ал 00-ден 24 минут кеткенде Айдың дискісі Жер көлеңкесінің шетіне тиеді. Осы сәттен бастап жартылай тұтылу басталады. Ай Жер көлеңкесіне сағат 1-ден 30 минут кеткенде толығымен енеді дейді астрономдар. Ең қызығы да осы кезде орын алмақ. Ерекшелігі сол, Ай толықтай жоғалып кетпейді. Қайта қою қызыл немесе кірпіш қызыл түске еніп, көпке дейін көрініп тұрады. Жер серігінің толық тұтылуы түнгі 3-тен 13 минут кеткенде аяқталады. Тек Ақтөбе, Атырау сынды елдің Батыс бөлігіндегі қалаларда тұтылу ерте басталып, 1 сағат бұрын аяқталады.

«Негізінде, ол бастапқыда қызғылт түске енеді. Одан кейін біртіндеп қою қызғылт түсті болады. Ол ауа-райына байланысты. Әрбір Алматы тұрғыны түн ортасында далаға шығып, дүрбімен тамашалай алады», – деді В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының ғылыми қызметкері Сәуле ШӨМШЕКОВА.    

Астрономдар аспандағы ерекше әдемі көріністі тамашалауға шақырады. Ал дәрігерлер бұл күннің адам денсаулығына айтарлықтай әсері барын айтады. Өйткені, ауада қатты қысым пайда болатын көрінеді. Салдарынан жүйке жүйесі әлсіз, оған қоса жүрек талмасы бар азаматтардың күйбелектеп, мазалары қашады дейді ақ халаттылар. Ауырмау үшін тіпті шөптен жасалған тыныштандыратын дәрілерді ішіп алса да артық етпейді. Оған қоса, физикалық ауыр жұмыстан, спортпен айнылысудан бас тартқан жөн. Қайта әркім өзін-өзі байыпты ұстап, эмоцияны тежей алуы керек.

«Адам организміне әрине, әсері бар. Көбінесе Ай тұтылуы әсер еткен кезде артериялық қан қысымы жоғары адамдардың қан қысымы көтеріліп кетуі мүмкін. Жалпы, қан айналымының жетіспеушілігі бар адамдардың ауруы өршуі мүмкін. Жүйке жүйесі өте нәзік, сезімтал келген адамдар да ауруы өршуі мүмкін. Жалпы, жан дүниесі құбылмалы адамдардың көңіл күйі ауытқып тұрады. Төменгі көңіл күйден агрессияға дейін барады», – деді «Орталық клиникалық аурухана» АҚ невропотолог-дәрігері Ақерке ТӘУІРБЕКОВА.

Сондай-ақ, бүгін қызыл планета – Марс та Жерге жақындап, адам көре алатындай арақашықта болады. Астрономдар бұл мың жылда бір рет кездесететін сирек құбылыстардың бірі дейді. Оны тамашалау мәртебесі Еуразия мен Африка құрлығының тұрғындарына ғана бұйырмақ. Халық алыстан шаңды дауылды көреді. Бүгін ерекше бірнеше табиғи үрдістер орын алатындықтан, астрологтар ешқандай жаңа істі бастамауға кеңес береді. Әйтпесе, бастаманың сәтсіз аяқталуы бек мүмкін екен.

«Марс - соғыс планетасы. Тек бұл сөзден қорықпаңыздар! Бұл сойқан болады дегенді білдірмейді. Астрология бойынша бүгін адамдар шамадан тыс белсенді, энергиясы тасып тұрады. Егер сіз эмоцияға жиі ерік беретін болсаңыз өзіңізді шектен шығарып алмауға тырысыңыз! Ұрыс-керістен қашып, қайта жақсылық ойлауға, сабырлы болуға асығу керек. Адам ұрысқан сайын өз аурасын құртып алады», – дейді астролог Анастасия ВОДЯНИКОВА.

Ал 11-ші тамыз күні жартылай күн тұтылады. Бұл астрономиялық құбылыс орын алғанда жарықты бірер сәтке қараңғылық басады. Астана уақыты бойынша максималды фаза 15 сағат 46 минутта орын алады. Жартылай күн тұтылу Арктика, Солтүстік Еуропа, Ресей, Моңғолия және Қазақстан, Қытайдың солтүстік-батысынан өтеді. Алматыда Күн және Ай сағат 16-дан 41 минут кеткенде жанасады. Соңғы байланыс 15-тен 29 минут кеткенде аяқталады. Бұл кестенің толық нұсқасын В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының сайтынан қарауға болады.

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир