|
02.07.2018 | 14:40
2589

Қостанайда Ұлттық домбыра күніне арналған акция өтті

Қостанайда Ұлттық домбыра күніне арналған акция өтті

Қостанайда Ұлттық домбыра күнінде «Бабалардың көзіндей қасиетті домбыра» атты акция ұйымдастырылды. Шара барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұжымы жаңа туған сәбилерге домбыра сыйлады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық домбыра күні облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қалалық перзентханаға келді. Мұндағы мақсат - жаңа туған сәбилерге домбыра сыйлау. Сондай қуанышқа кенелген сәбилердің бірінің есімі - Сезім. Оның анасы, Әулиекөл ауданының тұрғыны Анастасия Біржанованың айтуынша, бұл күтпеген сыйлық болды.

«Сезім біздің үшінші баламыз. Сәбиіміздің есімін ырымдап қойдық. Себебі, үшіншіміз өзінің тәтті қылықтарымен қуантсын дедік. Әрине, қасиетті домбыра мерекесі күні туғанына қуаныштымыз. Оның ағасы Ермұрат пен әпкесі Кәмила музыкаға қызықпаушы еді. Енді кенжеміз бұл олқылықтың орнын толтырып, Дина әжесіндей атақты күйші болады деп сенеміз. Домбыра - Сезімнің ең бірінші үлкен сыйлығы», - деді А. Біржанова.

Домбыра аспабын сәбилерге облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Бибігүл Аққожина тапсырды.

«Бүгін біздің перзентханаға келіп, сәбилерге домбыра сыйлауымыздың өзіндік мәні бар. Себебі, ұлттық рухты жас өскінге бесік жасынан бастап сіңіру қажет. Мұны Елбасымыз да айтты. Домбыраның қазақ халқының өміріндегі рөлі туралы барлығымыз білеміз. Сол себепті, бүгінгі сыйлық иелері де тәрбиелі, елдің патриоты болды деп ойлаймыз», - деді Бибігүл Аққожина.

Перзентханадағы Ұлттық домбыра күні мұнымен аяқталған жоқ. Перзентханадан бүгін шыққан жас аналар «Тәуелсіздікке 25 жыл» саябағында өтетін мерекелік шараға атсалыспақ.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир