Тергеуші - құлқының қамын күйіттеп отыр. Қаскелеңде баласынан айырылған ата-ана осылай шарқ ұруда. Олар былтыр күзде үшемнің бірі шетінеген соң, перзентхана дәрігерлерін айыптап, арызданған еді. Алайда, амалы таусылған ата-ананың сөзінше, тергеушілер істі әлі созбақтап келеді екен. Олардың ойынша, істі қарап жатқан сақшы - ақ халаттылардан ақша алған болулары керек. Тараптардың пайымын Бақыт Жақаш таразылап көрді.
Жеті бала тәрбиелеп отырған Айсұлу құрсағына тағы 3 бала біткенін білгенде, қуанышында шек болмаған. «Он баланың анасы боламын» деген арманы орындалар да еді, егер дәрігерлер салғырттық танытпағанда. Үшемдер өткен жылдың 4 қазанында дүниеге келген. Шақалақтар туа салысымен, дәрігер тексеруінен өткен. Ол кезде дендерінен ешқандай кінәрат анықталмады. Ал, үйіне жіберілетін күні үшемнің бірінде аяқ асты қызуы көтеріліп, 2 сағат ішінде сәби шетінеп кеткен.
«Босанып болғаннан кейін олар реанимацияда жатты, 3-ші этажда мен 2 этажда жаттым. Менің жаныма әкеліп берді, болды 1-2 күнде шығарамыз деп. Мен ойлаймын енді оның жүрегі ауырса, басқа жері ауырса, ол тамақ іше алмаса менің жаныма неге әкеліп берді»,- деді Үшемнің анасы, Айгүл ЫСҚАҚОВА.
Дәрігерлерден сәби өліміне байланысты мардымды жауап ала алмаған ата-ана - істің ақ-қарасын анықтауды ішкі істер басқармасына тапсырған. Алайда, тергеушінің іс қозғауға құлқы болмапты. Мұны ашынған ана айтып отыр. ¤
«Тергеушінің өзінің ауызынан естідім, Есмахамбетов айтты: «Сіздер жаба алмайсыздар бұл істі жаба салыңыздар. Бұл үлкен, медицинаны жеңе алмайсыздар деп тергеуші айтты»,- деді Үшемнің анасы, Айгүл ЫСҚАҚОВА.
Сәбидің ата-анасы қажет болса, мүрдеге эксгумация жасауға рұқсат береміз деп отыр. Ал, ішкі істер басқармасы шетінеген сәбидің ата-анасына 3 ай бойы тергеу барысы туралы еш мәлімет бермеген. Шындық іздеп сандалған жәбірленуші тарап тергеушіні сотқа берді. Өткен жылдың 6 желтоқсанында Қарасай ауданының соты тергеуші Есмағамбетовтың әрекетін заңсыз деп таныды.Сонымен қатар, Есмағамбетов 15 күн ішінде шағым бойынша жұмыс жасамаса, қылмыстық іс қозғау туралы үкім шығарған. Осыдан кейін ғана, тергеуші Қайрат Ысқақовты сараптама нәтижесімен танысуға шақырған.
«Іс тоқтады-ау деймін. Өткенде 29 декабрь күні следователь звондап экспертиза дайын болды деп айтты. Бірақ, мен осы уақытқа дейін таныспағаннан кейін ол не законный екенін біліп тұрмын анау жерде жазылып тұр. Соттың несімен не законный екенін біліп тұр бәрі. Менің адводкаттарым айтып отыр барма, олар сені алдап-сулап қол қойдыртып алайын деп отыр деп»,- деді Үшемнің әкесі, Қайрат ЫСҚАҚОВ.
«Сот медициналық сараптама қорытындысы дайын болды. Соны келіп жаңағы жәбірленуші тараптан ата-анасы немесе қорғаушылары келіп сараптама қорытындысымен таныссын»,- деді Алматы облысы ІІБ баспасөз хатшысы, Айман МЫРЗЕКОВА.
Қарасай ауданында сәби өлімі жиі тіркеледі. Былтырғы жылдың соңғы айында екі бірдей сәби дәрігерлердің салғырттығынан шетінеп кеткен. Қараша айының соңында Жұлдыз Мамытова да Қаскелең перзентханасында босанды. Өкпесінде ақауы бар сәби бірнеше күн кювезде жатқан. Бірақ, шақалақтың жағдайы тұрақтанбай тұрып, дәрігерлер шарананы арнайы құрылғыдан ажыратқан. Салдарынан шақалақ шетінеп кетті.
Бақыт Жақаш, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы