Алматының ең белсенді азаматтары марапатталды. Қоғамның тыныс-тіршілігіне, қаланың дамуына, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп жүрген жомарт жандар жеті номинация бойынша іріктелген. Олар 30 жобаның ішінен таңдалып, арнайы құрылған комиссияның шешімімен үздік деп танылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған форум қалада алғаш рет қолға алынып отыр.
«Өзінің деңгейінде бір өзгерістерді жасай алатындай, өмірінде, жақындарына бір көмек көрсете алатындай азаматтар басқаларға рух беріп, сондай үлгі болып жатқанының өзі бір үлкен жауапкершіліктің көрсеткіші деп айтуға болады»,-деді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ басқарма төрағасы, Нұрлан ӨТЕШЕВ.
Қала белсенділерінің бірі атанған Мадина Мырзахметова мейірімді жандардан еріктілер тобын құрған. Қазір топта 70-тен астам ерікті бар. Олар үй-күйсіз жүргендерге, сырқат жандарға, қараусыз қалған қарттарға жиі көмек көрсетіп тұрады. Алдағы мейрамдар қарсаңында жетім балаларға арналған түрлі іс-шаралар өткізуді жоспарлап қойған.
«Онкология бөлімшесі, ДЦП неше түрлі ауыратын балалар, жетім балалар үйі, қарттар үйі сондай-ақ, басқа да көмекке мұқтаж жандарға қол ұшымызды берумен айналысамыз. Негізі Алматы бойынша 200-ден астам отбасы біздің көмегімізді алып жатыр»,-деді Еріктілер тобының жетекшісі, Мадина МЫРЗАХМЕТОВА.