Қаскелеңдік дәрігерлердің үстінен тағы да қылмыстық іс қозғалды

Қаскелеңдік дәрігерлердің үстінен тағы да қылмыстық іс қозғалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаскелеңдік дәрігерлер құзырлылардың құрығына тағы да ілікті. Бұл жолы олар егіздің сыңарын соқыр қылғандары үшін жауапқа тартылмақ. Ал, осыған дейін ақ халаттылар үшемнің бірінің шетінеуіне кінәлі ретінде сұрауға алынған. Ұйыған бір отбасының басына түскен қос қайғыны ілгеріде арнамыздан көрсеткен едік. Тәртіп сақышлары тергеу амалдарын сағызша созып келеді. Ал, амалы таусылып, шарасыз күйге түскен ата-ана сол полицейлердің жағасына жармасты.            

Тоқтаусыз жылап, жасын жаулығына сүрткен ананың тағаты таусылды. Шарасыз келіншек қылмыстық істі айлап созған полицейлерге қирғидай тиді. Құзырлыны жұлқылап, тіпті көлігіне отырғызбай қойды. Әділдік іздеген ерлі-зайыптының мұндай әрекетке бармасқа амалы да қалмаған. Өткен жылы Қаскелеңдегі перзентханада дүниеге үшем әкеліп сүйіншілеген ана, көп ұзамай бір сәбиінен көз жазып қалған еді. Сәбидің шетінеуіне дәрегерлерді кінәлап, тиісті орынға арызданған. Алайда, бұл істің ақ-қарасы әлі де анықталмапты. Себебі істі жүргізген тергеуші Есмағамбетов жәбірленушілерді қылмыстық істің жүргізілу барысымен мүлде таныстырмаған. Одан қалды, кішкентай Раянның неден шетінегенін айғақтайтын сот-медициналық сараптаманың нәтижесін көрсетпестен, істі жауып тастапты. Осыған ашынған ата-ана әділдік іздеп аудандық прокуратураға арызданған.

«Шағымымды орындамады Есмағамбетов. Сосын орындамағаннан кейін  мен Қарасай ауданының прокуратурасына жаздым тағы да арыз. Шағым жазып едім, прокуратура маған сіздің ісіңіз жабылып қалыпты деп жауап қайтарып берді. Сол кезде мен таң қалдым, қалай менің ісім жабылады егер мен ол іспен таныспасам, ешқандай сараптамының қағазымен таныспасам? Істі қалай жауып қояды?», - деді облыс тұрғыны Қайрат ЫСҚАҚОВ.

Осы тұста, полицейлердің айтар уәжі басқа. Олар қайғыдан қан жұтқан отбасы мен олардың қорғаушысын бөлімшеге сан мәрте шақырдық дейді. Алайда, іспен танысуға өздері келмеді деп отыр. Құзырлылар қылмыстық істі дәрігерлерден кінарат табылмаған соң, жылы жауыпты. Сот медициналық сараптама кішкентай Раяна ай-күні жетпей туғандықтан мерт болған деген екен. Ал жуырда жығылғанға жұдырық боп, үшемнің екінші сыңары Аянаның бір көзі соқыр болып қалған еді. Шақша басы шарадай болған ата-ана 6 айлық қыздың көрмей қалуына тағы да Қаскелеңдік дәрігерлерді кіналап шағымданды. Қазір осы дерекке орай, 317 бап бойынша Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізу тағы да Есмағамбетовке берілген екен. Ал Ысқақовтар бірінші істі жылы жапқан тергеуші бұл жолы да құқымызды табан асты етеді деп күдіктеніп отыр.

«Егер жәбірленуші қылмыстық іс қай тергеушінің тарапында екенін біле тұра, оған сенім артпаса қандай да басқа жағдайларға байланысты сенім артпаса, істің жан-жақты тексерілмеуі мүмкін деп мәлімдеген жағдайда ол кісі міндетті қағаз жүзінде жазып бізге арыздану керек. Арызды жазса, аламыз қарастырамыз, керек жағдайда заңға сәйкес біз басқа тергеушіге өндіріске тапсырамыз қылмыстық істі», - деді Қарасай аудандық ІІБ басшысының орынбасары ҰЛАН САДЫҚОВ.

Ата-ананың айтуынша, Аянаның көрмей қалуына ақ халаттылар тікелей жауапты. Өйткені, олар ай-күні жетпей туған тұрымтайдай балаға әсері күшті көзге тамызатын дәрі берген. Сол дәріден соң кішкентай Аянаның бір көзі көрмей қалған. Ата-анасы 6 айлық сәбиді іргедегі Ташкенттен бастап, Алматыдағы көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына бірнеше рет тексерткен.

«Институттан екінші мәрте өтіп жатырмын тексерілуден. Біріншісінде рейтинопотия деді. Екіншісінде «внутриутробный увейт» деп шықты. Енді білмеймін қалай болғандарын. Бұл іштен кеткен инфекция дейді. Бұны негізі патологияда жатқанда емдеу керек деді. Ал мен патологияда жатқанда түгел тексерді, туғанша мен 1,5 ай патологияда жаттым. Инфекция жоқ, ешқандай ауру таппады», - деді облыс тұрғыны Айгүл ЫСҚАҚОВА.

Дәрігерлер сау баламызды зағип қылды деген ата-ана  енді әділдік іздеп әлек. 9 баласы бар отбасы кенжелеріне ота жасатуға қаражат татаппай отыр. Өйткені, сәбидің көзін шұғыл емдемесе, қос жанарынан да қағылуы мүмкін. Ал, құзырлылар қос сәбидің ісіне байланысты Қылмыстық іс қайта қозғалатынын жеткізді.

«Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тағайындаған комиссиямен бірлесіп, бірнеше тексерістер жүргізілді. Тиісті сараптамалар да жасалды. Қылмыстық дерек болмағасын процесуалдық шешім қабылданып, іс сотқа жетпей тоқтатылды. Қазіргі уақытта бұл шешім құпталмай, сәбидің шетінеуіне байланысты іс қайта қозғалады. Жаңадан тергеу жүргізіледі. Егер жәбірленушілер тергеушіге сенім артпаса, істі тәжірибелі маманға тапсырамыз. Кешенді сараптама жасау үшін сәбиге эксгумация жасалуы мүмкі», - деді Қарасай ауданы прокурорының орынбасары Аян АСЫЛБЕК.

Үйдегі 9 баласын көршісіне тастап, талай есікті қағып әділдік іздеп жүрген ата-ананың тілегі бір. Олар қыздарын зағип қылған дәрігерлер жауапқа тартылса дейді. Әрі еміне көмектессе дейді.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров